19.10.2023 _ 11:10

ТЖ қызметкерлері жаңа сындар мен қауіп-қатерлерге нық тұрып келеді – С.Шәріпханов

Егемен еліміздің азаматтық қорғау жүйесі 1995 жылдың 19 қазанынан бастау алады. Бүгін Қазақстанның азаматтық қорғау органдарына 28 жыл толды. Осы уақыт ішінде отандық төтенше жағдайлар саласының қызметкерлері жаңа сындар мен қауіп-қатерлерге нық тұрып, адамдарды қорғау және құтқару ісінде айтарлықтай баға жетпес тәжірибе жинады. Бұл туралы ОКҚ алаңындағы баспасөз мәслихатында ҚР Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов мәлім етті.

Оның айтуынша, ширек ғасырда еліміздің азаматтық қорғау жүйесін жетілдіру бойынша орасан зор жұмыс атқарылды. 

«Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік беретін бірқатар ірі жобалар іске асырылды. Атап айтқанда: су тасқынына қарсы Көксарай және Астана қарсы реттегіштері, Алматы облысының Талғар, Қарғалы өзендерінде, селді ұстап тұратын бөгеттер салынды. Ақсай, Аюсай, Қорғас өзендерінде төрт инвестициялық жоба іске асырылуда, олардың аяқталуы 2025 жылға жоспарланған.Сондай-ақ бір жарым мыңға жуық өрт-құтқару автотехникасы сатып алынып, 30-дан астам өрт сөндіру депосы мен құтқару станциялары салынды», – деп атап көрсетті генерал. 

Азаматтық қорғау академиясының қабырғасынан 5 мыңнан астам маман дайындап шығарылды. Биылғы жылдан бастап алғаш рет курсант қыздар оқуға қабылдана бастады. Қазір азаматтық қорғау органдарында 27 мыңнан астам қызметкер жұмыс істейді.

«Біздің өрт сөндірушілер, күн сайын өрттен адам өмірін сақтау арқылы адамдарды құтқару ісіне, үлкен үлес қосуда. Жедел-құтқару жасақтарына келсек, олар ел аумағында ғана емес, одан тыс жерлерде де авариялық-құтқару және шұғыл жұмыстарды жүргізеді. Кинологиялық бөлімшелер мен біздің қызметтік иттер жоғалған туристер мен адамдарды іздеуге қатысады. Әскери бөлімдеріміз болса, төтенше жағдайларға жедел ден қоюға қатысады», - деп бөлісті сала жетістіктерімен еліміздің бас құтқарушысы.