20.10.2023 _ 14:30

Фермерлерге – жұмыскер, туризмге – жаңа даму. Қазақстанда агроауылдық туризм қалай дамытылады

Сыртқы нарықтарда Қазақстанның туристік әлеуетін ілгерілету бойынша жаңа маркетингтік жоспар құрылып жатыр. Бұған қоса, ұлттық туристік брендті әзірлеу туралы тапсырма берілді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев мәлімдеді.

Ол жақын уақытта бұл мәселе жан-жақты қарастырылатынын жеткізді. Нәтижесінде байқау жариялануы мүмкін.

«Тағы бір бағыт – community based tourism. Глэмпингтер форматындағы туризмнің эко, этно, агро сияқты туризм түрлерін дамыту үшін ауыл шаруашылығын да туризмнің бағыты ретінде кіргізу. Ол үшін туристерді қабылдау шағын орындарын салуға рұқсат беру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Біздің елімізде 200 мыңнан астам ауыл шаруашылығы жерлерінің иелері бар. Олар жеміс бақтарын, егістік өсіре отырып, туристерді түнгі уақытта қабылдай алмайды. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, агро ауылдық туризм көп жұмыс орындарын ұсына алады және экотуризмнің бір түрі ретінде өте танымал. Біз фермерлерімізге фермаларында түнеу мүмкіндігін жасау арқылы туристерді қабылдауды ұсынамыз. Егер 200 мың фермер тағы бес адамды жұмысқа алса, онда 1 млн қазақстандық жұмыспен қамтылатын болады», – деп жоспарларымен бөлісті спикер.

Сондай-ақ, Еркінбаев еліміздегі орналастыру орындарының 5 пайызында ғана жұлдыздық санат бар екенін атап көрсетті. Стандарттар ескірген. Министрлік ережерелерді жаңартып, жүйелі түрде осы мəселені шешіп жатыр. Сол арқылы сапа мəселесін көтеру көзделген.