20.10.2023 _ 16:10

Азаматтық форумда 50-ден аса тақырып талқыланды - ҚР мәдениет және ақпарат вице-министрі

Астанада 18-19 қазанда өткен Қазақстанның XI Азаматтық форумына 600-ден аса делегат қатысты. Шараға Қазақстанның барлық облыстары мен аудандарынан делегаттар жиналды. Бұл туралы ҚР мәдениет және ақпарат вице-министрі Данияр Қадыров Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында форум қорытындысы бойынша ұйымдастырылған баспасөз конференциясында мәлім етті.

«ҚР Азаматтық альянсымен бірігіп жылдың басынан бастап өңірлерде өңірлік азаматтық форумдар өткіздік. Ол азаматтық форумдар Қазақстанның 17 облысы мен 3 қаласында өтті. Сол форумдардың жаңғырығы ретінде делегаттар келіп, өздерінің ұсыныстарын беріп жатты. Осы форум аясында 50-ден аса тақырып пен бағыт талқыланды», - деп хабарлады вице-министр. 

Талқыланған тақырыптар ішінде тұрақты даму мақсаттары, инклюзия, білім беру, қоғамдық кеңестердің жұмыстары және басқа да мәселелер ортаға салынды. 

Форумның аясында үкіметтік емес сектор өкілдерінен мыңнан аса ұсыныс түсті. 2030 жылға дейін Азаматтық қоғамды дамытудың тұжырымдамасына өзгертулер енгізу және тиісті Жол картасын әзірлеу барысында ол ұсыныстардың бәрі ескерілетін болады, деп мәлім етті спикер.