24.10.2023 _ 11:15

Қазақстанда кітапхана қызметін пайдаланушылар саны 9,5 миллионға жетті

Қазіргі таңда елімізде кітапхана саны 11 мыңға жуық, ондағы кітаптар мен құжаттардың жалпы қоры 328 миллионнан асады. Соның ішінде жалпы қолжетімді кітапханалар саны 3 891 кітапхананы құрайды. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Қуат Бораш хабарлады.
Қазақстанда кітапхана қызметін пайдаланушылар саны 9,5 миллионға жетті

«Олардың 79% ауылдық жерлерде орналасқан. Соның ішінде 3 кітапхана республикалық және республикалық мәртебесі бар кітапханалар. Олар: Алматыдағы ҚР Ұлттық кітапханасы, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы – осы Астанадағы және Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана - Алматыдағы», - деп мәлім етті Қуат Бораш.

Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасының айтуынша, жалпы қолжетімді кітапханалардың кітап қоры 73 миллионнан асады. Осы рухани игілікті пайдаланушылар көлемі жыл өткен сайын артып келеді.

«Соңғы кезеңде кітапхана қызметін пайдаланушылар саны 9,5 миллионға жетті. Республикалық «Оқитын ұлт» жобасы аясында кітапхананы пайдаланушылар саны жыл сайын 3-4 пайызға артуда»,-деді спикер.