24.10.2023 _ 11:30

Қазақстандық үздік кітапханашылар ардақталды

Қазақстанда Мемлекет басшысының бастамасымен былтырдан бері 24 қазан – Кітапханашылар күні деп бекітілген болатын. Биыл Мәдениет және ақпарат инистрі Аида Балаеваның тікелей бастамасымен аталмыш мереке «Руханият шамшырағы» атты шарамен салтанатты түрде аталып өтті. Оған республикамыздың облыс, аудан, ауылдарынан 200-ден астам кітапхана ісінің мамандары, ардагер кітапханашылар, сонымен қатар мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері қатысты. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңындағы баспасөз мәслихатында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Қуат Бораш хабарлады.

«Іс-шара аясында өңірлік кітапханалар үздік заманауи кітапханалық жобаларымен таныстырды. Жобалар көрмесі кітапханалар арасында тәжірибе алмасу тұрғысынан өте тиімді болды деп санаймыз», - деп мәлім етті ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Қуат Бораш.

Оның айтуынша, іс-шарада кітапхана саласының дамуына айрықша үлес қосқан, ұзақ жылдар нәтижелі еңбек еткен 179 кітапхана қызметкерлері Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» және «Еңбек ардагері» төсбелгілерімен, «Құрмет грамотасы» мен «Алғыс хаттарымен» марапатталды.

«Ел Президенті бүгінгі заманда кітапсыз, сондай-ақ кітапханасыз даму мүмкін емес екенін, соған сәйкес электронды форматтың қарқынды дамып жатқанына қарамастан дәстүрлі кітапхананың ағартушылық рөлі ешқашан мәнін жоғалтпайтынын айтқан еді», - деп атап көрсетті спикер.