24.10.2023 _ 11:56

Биыл кітапхана ісі, ақпараттарды өңдеу және мұрағат ісі мамандықтарына 100 білім беру гранты бөлінді

Елімізде кітапханашы мамандарының білімі мен біліктілігіне де аса назар аударылуда. Бүгінде республика бойынша кітапхана саласындағы мамандарды 9 жоғары орын, 16 мәдениет колледжі дайындайды. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Архив,құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Қуат Бораш Орталық коммуникациялар қызметінің алаңындағы баспасөз мәслихатында еңбек нарығында кітапхана қызметкерлеріне сұраныс жоғары екеніне тоқталды.

Оның айтуынша, алдын-ала болжам нәтижесіне сәйкес 2030 жылға қарай кітапхана қызметкерлері бойынша қажеттілік 7 мыңға жуық адамды құрайды. Аталған көрсеткіш 2022-2023 оқу жылымен салыстырғанда 75 пайызға жоғары.

«2023-2024 оқу жылына «Кітапхана ісі, ақпараттарды өңдеу және мұрағат ісі» білім беру бағдарламаларының топтарына 100 білім беру гранты бөлінді. Осы орайда, өткен жылы кітапхана ісі бойынша білім беру грантының саны 20 ғана болатынын айта кеткіміз келеді. Яғни, биыл 5 есеге арттырдық», - деп мәлім етті салалық министрлік өкілі.