30.10.2023 _ 19:23

Қарағанды облысындағы шахтада болған апатқа байланысты келіп түскен көңіл айту жеделхаттары

Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Қарағанды облысындағы кен орнында болған апат салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты шет мемлекеттердің басшыларынан, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың жетекшілерінен көңіл айту жеделхаттары әлі келіп жатыр.

Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин қайғылы оқиғаға байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа және Қазақстан халқына көңіл айтты.

«Қазақстанның Қарағанды облысындағы шахтада болған апат салдарынан көптеген адамның қаза тапқаны туралы суыт хабарды терең күйзеліспен қабылдадым. Қытай Үкіметінің және халқының, сондай-ақ өзімнің атымнан қайтыс болған азаматтардың отбасылары мен жақын туыстарына қайғырып көңіл айтамын», – деп жазылған жеделхатта.

Көңіл айту жеделхаттарын Болгария Президенті Румен Радев, Армения Президенті Ваагн Хачатурян, Босния және Герцеговина Президиумының Төрағасы Желька Цвиянович, АӨСШК Бас хатшысы Қайрат Сарыбай және басқалар жолдады.