02.11.2023 _ 14:40

Қауіпсіздік үшін. Оқу-ағарту министрі мектептердегі күзет шараларын күшейту туралы айтып берді

Мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі - балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мәлімдеді.

Ол Мемлекет басшысы Педагогтердің республикалық съезінде мектепті ең қауіпсіз орынға айналдыру қажеттігін атап өткенін еске салды. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін білім министрлігі ішкі істер, төтенше жағдайлар министрліктерімен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесе жұмыс жүргізуде.

«Министрлік білім беру ұйымдарына лицензиялары мен тиісті тәжірибесі бар күзет агенттіктерін тарту, тиісті жабдықтарды жаңарту мәселелері бойынша нормативтік-құқықтық актілер әзірледі. Меншік түріне қарамастан барлық білім беру ұйымдары тиісті қауіпсіздік жүйелерімен, бейнекамералармен және жедел басқару орталығына қосылған дабыл түймелерімен, өткізу жүйелерімен қамтамасыз етілуі тиіс», - деп атап өтті ведомство басшысы.