«Балаларға арналған сауықтыру нысандарында заңнаманы сақтауға айрықша назар аударылды. Прокуратурамен бірлесе жүргізілген тексерулер нәтижесінде, шілде-тамыз айларында Павлодар, Ақмола, Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Атырау, Батыс Қазақстан облыстары мен Шымкент қаласында бірден 32 субъектіге тексеру шаралары жүргізілді. Естеріңізге сала кетейін, балаларға арналған сауықтыру нысандарына біз жазда балаларымызды демалуға жіберетін лагерьлер, арнайы мектеп-интернаттар, Оқушылар сарайы, балаларға арналған экотехникалық орталық және жазғы демалыста балаларымыз жүйелі түрде уақыт өткізетін басқа да нысандар жатады. Нәтижесінде, біз өз құзыретіміз шеңберінде 337 сенімсіз өлшеу құралдары қолданылғандығын анықтадық. Бұл дегеніміз дұрыс өлшемейтін немесе жарамдылық мерзімі өткен өлшеу құралдары. Яғни, денсаулықтың маңызды көрсеткіштерін өлшеудің бұрыс нәтижелері балалардың денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін еді», - деп мәлім етті алаңдаушылығын білдірген спикер.
Аталған өлшеу құралдары – таразылар, термометрлер, биохимиялық анализаторлар, қан қысымын өлшеуге арналған құралдар және тағы басқалары. Бұзушылықтар үшін салынған айыппұлдар сомасы 7 млн теңгеден асып түсті.