09.11.2023 _ 11:50

Қазақстандық балық өнімдері әлемнің 21 еліне экспортталады

Қазақстанда балықты терең өңдеуге жағдай жасау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңындағы баспасөз конференциясында ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев мәлім етті. Атап айтқанда, балық аулауды және өңдеуді жүзеге асыратын субъектілер үшін қосылған құн салығы төмендетілді, сондай-ақ тереңдетіп қайта өңдейтін балық өнімдерін субсидиялау енгізілуде.

Сонымен қатар, министрдің айтуынша, өңделмеген балық экспортына шектеулер енгізілген. 2023 жылдың наурызында Министрліктің бұйрығымен көксерке мен жайын балығын өңделмеген түрде 6 ай мерзімге шығаруға тыйым салынды. 

«Бұл шара балық өңдеу кәсіпорындарының жүктемесін арттыруға мүмкіндік берді. Осыған байланысты, бүгінде тыйым салуды қайта енгізу мүмкіндігі қаралуда», – деп бөлісті сала басшысы.

Министр жариялаған мәліметке сәйкес, қазіргі уақытта елімізде 72 балық өңдеу кәсіпорны жұмыс істейді. Оның ішінде 17 кәсіпорын жоғары талаптарға сай келеді және Еуропалық Одақ елдеріне балық өнімдерін экспорттау құқығын алды. 

«Бұл ретте, қосымша тағы 13 қазақстандық кәсіпорын осындай экспорт құқығын алуға өтінім берді. Сондай-ақ, экспорттық нарықты кеңейту мақсатында Қазақстан мен Қытай арасында ветеринариялық сертификат келісілді, ал Қытай елінің тізіміне 65 қазақстандық кәсіпорын енгізілді», – деп хабарлады Ерлан Нысанбаев.

Ведомство отандық балық өңдеу кәсіпорындарынан әлемнің 21 еліне балық өнімдерінің 100-ден астам түрі шығарылатынын жеткізді. Олардың ішінде ең ірі тұтынушылар –  Ресей, Германия, Нидерланд, Литва және Қытай елдері.