17.11.2023 _ 11:20

ТжКБ ұйымдарының 60%-ында – WorldSkills құралдары ескерілген бағалау жүйесі енгізілді

Қазақстанда жыл сайын өңірлік және республикалық деңгейлерде «WorldSkills» чемпионаттары өткізіледі және халықаралық чемпионатқа ұлттық құраманың қатысуы ұйымдастырылады. Осы кезеңге дейін елімізде 90 өңірлік және 7 республикалық «WorldSkills»  чемпионаттары өткізілді. Орталық коммуникациялар қызметінің алаңындағы баспасөз конференциясында ҚР Оқу-ағарту министрлігі Техникалық және кәсіптік білім беру департаменті директорының м.а. Ақзира Қасымова осындай мәліметпен бөлісті.

Бұл жұмысшы мамандықтардың беделін арттыруға бағытталған қозғалыс екенін атап көрсеткен ол Қазақстан 2014 жылдан бастап «WorldSkills International», ал 2016 жылдан  «WorldSkills Europa» қозғалысының толыққанды мүшесі болып табылатынын жеткізді. 

«Еліміздің «WorldSkills» қозғалысына қосылуы жаңа талаптарға сай техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлау жүйесін халықаралық деңгейде қайта қарауға негіз болды. Халықаралық чемпионаттарға қатысу жұмысшы мамандықтар бойынша кадрлар даярлауда өзекті әлемдік трендтерді зерделеуге сондай-ақ отандық кадрлардың бәсекеге қабілеттілігін салыстыруға және бағалауға мүмкіндік берді», – деп мәлім етті спикер. 

Оның айтуынша, Қазақстанның мектепке дейінгі орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында оқу процесіне WorldSkills талаптарын енгізу, халықаралық талаптар бойынша сарапшыларды оқыту, оқу-жаттығу лагерлерін құру, халықаралық чепионаттарға қатысу және басқа да шаралар қарастырылған. 

«2022 жылдан бастап колледждерге академиялық дербестік берілді. Яғни, олар жұмыс берушілермен бірлесіп білім беру бағдарламаларын дербес әзірлейді және енгізеді. Бұл ретте мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына сәйкес кәсіптік стандарттары және WorldSkills стандарттары міндетті түрде ескеріледі. Қазіргі уақытта ТжКБ ұйымдарының 60%-ында – WorldSkills құралдары ескерілген бағалау жүйесі енгізілді», – деді спикер. 

Сонымен қатар, Ақзира Қасымова WorldSkills стандарттарын ескере отырып, сарапшылар қауымдастығын дамыту қолға алынғанын жеткізді. 2023 жылы 600-ден аса сарапшы оқытылып, сертификатталды, 1901 педагог оқыту семинарларынан өтті.