23.11.2023 _ 11:10

Абай облысының әкімі өңірдің алғашқы жылдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларын шығарды

Абай облысында аймақ құрылған бір жылдан артық уақыт ішінде әлеуметтік-экономикалық даму тұрғысынан оң серпін тіркелді. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында есеп берген өңір басшысы Нұрлан Ұранхаев мәлім етті. Ол жыл көлемінде, ай сайын, барлық индикаторлар бойынша тұрақты өсім сақталғанын жеткізді.

Атап айтқанда, өңірдің қысқа мерзімді экономикалық индикаторы 107,5% құрады. Ал негізгі капиталға инвестиция 44,2%-ға өсіп, 426,2 млрд тенгеге жетті. 

Салалар бойынша мәліметтерге тоқталған әкім құрылыста – 141,1%, өнеркәсіпте – 106,3%, ішкі сауда – 103%, ауылшаруашылығында 101,7% деңгейінде өсім байқалғанын баяндады. 

«Өндіріс қарқыны әлеуметтік көрсеткіштерге де оң әсерін тигізді. Орташа айлық жалақы 17,6% - ға өсіп, 292,8 мың теңгені құрады», - деп нақтылады Нұрлан Ұранхаев.

Облыс бюджетінің өз кірістері 141%-ға өсіп, қазынаға 87,4 млрд  теңге түссе, биыл аймақтық бюджет көлемі 419,2 млрд теңгені құрады. 

Тұрғын-үй коммуналды шаруашылық саласын қаржыландыру 2 есеге артып, сумен жабдықтау нысандарын қаржыландыру 3 есеге, жолдарды жөндеу – 2,3 есеге ұлғайды.  Білім беру саласы бойынша шығыстар 1,2 есеге, денсаулық сақтау 2 есеге өсіп, әлеуметтік қорғау – 23%-ға ұлғайды.