24.11.2023 _ 11:30

Биыл Алакөл жағалауында 1,5 миллион турист демалған – Жетісу облысының әкімі

Табиғи-климаттық жағдайы туризмді дамытуға қолайлы Жетісу өңірінің осы саладағы инфрақұрылымдық әлеуеті күшейтіледі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп беру барысында өңір басшысы Бейбіт Исабаев мәлім етті. Ол Алакөл мен Балқаш жағалауына апаратын жолдардың құрылысы келесі жылы толықтай аяқталатынын жеткізді.

«Алакөлге жол берілген, 90%-ға аяқталып отыр. Балқашқа жолды келесі жылдың қараша айына дейін бітіреміз. Үшарал әуежайы былтыр толық жөндеуден өтті. Үлкен габаритті ұшақтарды қабылдай алады. Алакөлдің жағасындағы Ақши ауылына Астанадан «Тальго» пойызының қатынасы ашылды», – деп баяндады Бейбіт Исабаев. 

Аймақ басшысы жариялаған мониторинг деректеріне сәйкес, 10 айда облысқа барған туристер саны 2 млн адам болса, оның 1,5 миллионы Алакөл жағалауында демалған. 

Сонымен қатар, Балқаш көлі жағасында инженерлік-коммуникациялық желілердің құрылысы басталады, бұл мақсатқа келесі жылы 2,1 млрд теңге қарастырылған. Ал 2025 жылдан бастап демалыс орындары, қонақ үйлер салына бастайды. 

Жетісу өңірінің әкімі «Алтынемел» ұлттық паркі аумағында құны  2 млрд теңге тұратын визит-орталығы салынғанын еске салды.  

«Шаңғы-биатлон кешенін салу және Бұрханбұлақ сарқырамасына дейінгі жолды жөндеу бойынша жобалық құжаттама әзірленуде. Келесі жылы дайын болады», – деді ол.

Сондай-ақ, Бейбіт Исабаев Шоқан Уәлиханов мұражайына апарар жол жөндеуден өтіп, мұражайды қайта жаңғырту жұмыстары аяқталғанын атап көрсетті.  

«Осы айтылған жұмыстарды толық орындайтын болсақ, облыс аумағында туризмді серпінді дамытуға толық мүмкіндік бар», – деп мәлім етті Жетісу өңірінің басшысы.