24.11.2023 _ 14:30

2023 жылы Қостанай облысына $216 млн тікелей шетелдік инвестиция тартылды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңартылатын және баламалы энергия көздерінің үлесін ұлғайту туралы тапсырмасын орындау мақсатында Қостанай облысында 2024 жылы қуаты 40 МВт құны 20,1 млрд теңге болатын газ поршеньді электр станциясының және қуаты 22 МВт, инвестициясының жалпы көлемі 13,4 млрд теңге болатын өңірдегі алғашқы күн электр станциясының құрылысы басталады. Орталық коммуникациялар қызметінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндаған аймақ әкімі Құмар Ақсақалов осындай жоспармен бөлісті.

Сондай-ақ биыл Арқалық қаласының маңында құны 24 млрд теңгеден асатын 48 МВт жел электр станциясы пайдалануға беріледі.  

«Аталған нысандарды пайдалануға беру облыстың меншікті электр энергиясын өндіруді 110 МВт-қа немесе 32%-ға ұлғайтады. Жаңартылатын энергия көздерін енгізу энергиямен қамтамасыз етудің сенімділік деңгейін арттыруға оң әсерін тигізеді, қоршаған ортаға көмірқышқыл газының шығарындылары қысқарады, сондай-ақ жаңа жұмыс орындары ашылады», – деп атап көрсетті спикер.

Жалпы алғанда, жақын келешекке деп облыста 11 мыңнан астам жұмыс орнын аша отырып, шамамен 3 трлн теңге сомасына 47 жобадан тұратын пул қалыптастырылды.  2023 жылдың қорытындысы бойынша өңдеуші өнеркәсіптің жалпы көлемі 10-15%-ке артады деп күтілуде. 

«Ел Президенті атап өткендей, «инвестиция тартудың тиімді жүйесін құру қажет».  Есепті кезеңде облысқа 7,4% өсіммен  393 млрд теңге инвестиция тартылды. Оның 80,0%-ы – жеке инвестиция. Ағымдағы жылы шамамен $216 млн тікелей шетелдік инвестиция тартылды. Инвестициялық тартымдылықты арттыру үшін біз инвесторларды қолдаудың өндірістік, көліктік және сервистік инфрақұрылымын жетілдіруді жалғастырамыз», – деп қорытындылады Қ.Ақсақалов.