Маңғыстау облысында балық шаруашылығын дамытуға айрықша назар аударылуда. 2030 жылға дейін есептелген салалық бағдарламада өңірде жылына 100 мың тоннаға дейін балық өнімдерін шығару қарастырылған. Бұл жоспарға қол жеткізу мақсатында қолға алынып жатқан жұмыстар туралы аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев Орталық коммуникациялар қызметінің алаңындағы есептік кездесуде баяндап берді.
«Бұл мәселе бойынша мамандарды дайындауға көңіл аударып отырмыз. Өзіміздің кәсіпкерлеріміз, сырттағы инвесторлар осы саланың тиімділігін және тартымдылығын ескере отырып, осы салаға келуге ниет білдіріп отыр. Өз тарапымыздан балық өсіруге арналған субсидияларды жылдан-жылға арттырып келе жатырмыз. Бұл істі ары қарай жалғастырамыз. Себебі елімізде осы саланы дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламада 2030 жылы Маңғыстау облысында 100 мыңға (тоннаға) жуық балық өнімдерін өндіру тапсырмасы тұр. Егер біз жоспарлаған жобалардың барлығы сәтті іске асатын болса, бұл жоспарды еңсеруге толық мүмкіншілігіміз бар», – деп мәлім етті Нұрлан Ноғаев.
Аймақ басшысы бұл жерде назар аударатын өте маңызды мәселе заңсыз балық аулаудың алдын алу екенін атап көрсетті.
«Өкінішке орай, ондай фактілер бар. Біз оның алдын алумен айналысатын мемлекеттік органға облыстық бюджеттен екі қайық, екі көлік, басқа да материалдық-техникалық базаны жабдықтауға қажетті қаражат бөліп отырмыз», – деп баяндады өңір басшысы.
Нұрлан Ноғаевтың мәліметіне сәйкес, облыста балық шаруашылығы саласында 2024-2026 жылдары құны 12 млрд теңге болатын 8 инвестициялық жоба жоспарланған. Олар іске қосылған жағдайда 161 тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылатын болады.