28.11.2023 _ 16:20

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорынан қалай субсидия алуға болады

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры бірқатар мемлекеттік және жеке бағдарламаларды іске асырады. Қордың бағдарламалары екінші деңгейлі банктерге, лизингтік компанияларға, микроқаржы ұйымдарына жүгінетін кәсіпкерлер үшін қаржыландыруды арзандатуға бағытталған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында «Кәсіпкерлікті дамыту: мемлекеттік қолдау шаралары» деген тақырыптағы дөңгелек үстел барысында «Даму» Кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Астана қаласы бойынша өңірлік филиалының директоры Светлана Назарюк мәлім етті.

Оның айтуынша, «Қарапайым заттар экономикасы» атты бөлек бағдарлама бар, алайда бағдарламаларды іске асыру кезінде шағын және орта бизнеске баса назар аударылады.

«Біз ұсынған қолдау құралдары инвестициялауды немесе операциялық шығындарды жабуды қажет ететін кәсіпкерлерге бағытталған. Кәсіпкерлер екінші деңгейдегі банктерге жүгінеді, біз мөлшерлемелердің қазір айтарлықтай  жоғары екенін білеміз және банктердің қаржы құралдарын пайдалана отырып, дами алатын бизнес көп емес. Бағдарламаның шарттарына сәйкес келсе, кәсіпкер Қорға жүгіне алады, ал біз пайыздық мөлшерлеменің бір бөлігін субсидиялаймыз», – деп түсіндірді спикер көмек тетігін. 

Банкке өзінің бизнес-жобасымен жүгінген, бірақ кепілмен қамтамасыз етудің жеткіліксіздігіне тап болған немесе банктің кепіл саясатына сәйкес келмейтіндер үшін де Қор тарапынан көмек бар. Атап айтқанда, сұралған несие сомасының 85%-на дейін кепіл бола алады және кәсіпкер ұсынған жобасын толық көлемде қаржыландыра алады.