29.11.2023 _ 13:30

Қазақстан Палестинаға қосымша гуманитарлық көмек жібереді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Қазақстан Палестинаға қосымша гуманитарлық көмек көрсетеді. Аталған мәселе ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен өткен Үкіметтік комиссия отырысында талқыланды, деп хабарлайды Primeminister.kz.

Гуманитарлық көмекке жалпы салмағы 38 тоннадан асатын азық-түлік, төсек-орын жабдықтары, дәрі-дәрмек және медициналық бұйымдар кіреді. 

Жүктер жақын арада әуе көлігімен жөнелтіледі. 

Қазақстанның қолдауы Газа секторында орын алған гуманитарлық апатты жағдайға байланысты Палестинаға көмек көрсетуге бағытталған.

Бұған дейін Қазақстан Палестина халқына $1 млн көлемінде гуманитарлық көмек көрсеткен болатын.