30.11.2023 _ 11:10

ШҚО-ның өнеркәсіп саласында 1007 кәсіпорын жұмыс істейді

Шығыс Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуында жақсы көрсеткіштерге қол жеткізілді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңындағы есептік кездесуде аймақ басшысы Ермек Көшербаев мәлім етті.

Ол жариялаған мәліметке сәйкес, жалпы өңірлік өнім 3% өсіммен 4,4 трлн теңгеге жетеді. 

«ЖӨӨ-нің ең үлкен үлесі – өнеркәсіптік өндірісте 35%. Ауыл шаруашылығы – 8%, сауда – 16%, көлік және құрылыс – 5%», – деді Ермек Көшербаев.

Әкім үстіміздегі жылдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп өндірісінің қарқыны 9%-ға, ауыл шаруашылығы 5%-ға, негізгі капиталға инвестициялар 7% - ға, бөлшек тауар айналымы 8%-ға артатынын жеткізді. 

«Жұмыссыздық -4,6%. 30 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Оның 23 мыңы - тұрақты орын. Орташа айлық 18% - ға өсіп, 305 мың теңгені құрады», – деп нақтылады облыс басшысы. 

Ермек Көшербаев облыстың өнеркәсіп саласында 1007 кәсіпорын жұмыс істейтінін және онда 47 мың адам еңбекпен қамтылғанын атап көрсетті. Ал республиканың өнеркәсіп өніміндегі облыстың үлесі 5% құрайды.