30.11.2023 _ 11:40

Өңірді брендке айналдыратын іс-шараларды қолға алудамыз – ШҚО әкімі

Шығыс Қазақстан облысындағы туристер үшін тартымды орындардың көбі тау етектерінде немесе тау арасында орналасқан. Бүгінде аймақ әкімдігі сол жерлерге жол тарту мәселесін пысықтап жатыр. Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндама жасаған аймақ басшысы Ермек Көшербаев облыста туризмді дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға жеке тоқталды.
Фото: qazaqgeography.kz

«Туризм дамыса, 50-ден аса басқа да сала қоса дамиды. Бұл бағытта біз екі мәселеге көңіл бөліп отырмыз. Біріншісі - жол. Облыста орман қоры көп. Өкініштісі, қазіргі заңнамаға сәйкес ол  жерлерге жол салуға тыйым салынады. Шығыста көптеген туристік кешендер орманда, тау етектерінде,таудың арасында орналасқан. Осы мәселені аймаққа іс-сапармен келген Үкімет басшысына жеткізіп, қолдау таптық. Бүгінгі таңда тиісті министрліктермен бірлесіп шешу жолын іздеп жатырмыз», – деді Ермек Көшербаев. 

Екінші мәселе – Шығыс Қазақстан өңірін брендке айналдыратын іс-шараларды қолға алу. Осы бағытта ұлттық дәстүрді дамытатын шаралар, хайкингтер, жазғы фестивальдар өткізу жолға қойылған. 

«Жақында ғана облыста өткен бүркітшілердің «Шығыс салбурыны» фестивалін айтса болады. Оған қоса, бұрыннан келе жатқан тағы бір жоба бар. Аяз атаның резиденциясын құрамыз деп отырмыз, балаларға қысқы ойын-сауық кешенін салып береміз», – деп бөлісті жоспарымен аймақ басшысы. 

Ермек Көшербаев облыстың табиғи әлеуетін және оның климаттық ерекшеліктерін пайдалана отырып, қысқы спорт түрлері үшін туристік және спорттық инфрақұрылымды жақсарту бойынша жұмыс жалғасатынын жеткізді. Осы орайда Бұқтырма жағалауының инфрақұрылымын жетілдіре және жазғы туризм түрлерін дамыта отырып, сол маңдағы халықтың әл-ауқатын жақсартуға көңіл бөлінетінін айтты. 

Әкімнің мәліметіне сәйкес, биыл облыста туризмге салынатын салымдар 36% өсіммен 15 млрд теңгені құрайды, ал келесі жылға 18 млрд теңге бағыттау жоспарланған.