30.11.2023 _ 12:00

Жылу, су және электр қуаты бар. Е. Көшербаев Риддер ЖЭО-сының жағдайы туралы айтты

Бүгінгі таңда жылу көздері жабдықтарының және желілерінің қатты тозуы жалпы еліміз бойынша негізгі проблема болып отыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев мәлімдеді. Ол бұл бағытта нақты жоспардың барын және бәрі біртіндеп шешілетінін жеткізді.

«Облыстың жылумен жабдықтау жүйесі 3 ірі ЖЭО және 32 шағын қазандықтардан тұрады. Өткен жылыту маусымы Риддер ЖЭО-дағы апаттан басталды, онда қаланың 50 мың халқы жылусыз қалды. Мемлекет басшысы жылу электр станцияларының үздіксіз жұмысын және жылу беру маусымына дайындықты қамтамасыз ету жөнінде тікелей тапсырма берді.  Үкіметтің қолдауымен өте қысқа мерзімде біз Риддер ЖЭО-да 6 қазандық агрегатына жөндеу жүргізіп, жылыту маусымын уақытылы бастадық», – деді әкім. 

Қазір Риддерде жылу, су және электр қуаты бар. 2 орта қысымды қазандық агрегаты мен 1 резервте жұмыс істеп жатыр, қалған 3 жоғары қысымды қазандық бойынша іске қосу-жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Көмір қоры жеткілікті. 

12 қазанда Риддер ЖЭО қалалық коммуналдық меншікке қабылданды.

Ресей мен Қазақстанның шекаралас аймақтарының форумында Энергетика министрлігі Өскеменде ЖЭО құрылысын жариялады.