01.12.2023 _ 14:20

Экономикаға кредит берудің едәуір үлесі өнеркәсіп пен саудаға тиесілі

Қазақстанда бизнеске берілген кредиттер көбейді. Бұған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері несиелерінің өсуі әсер етті. Нәтижесінде бизнесті кредиттеу көлемі 14,9%-ға ұлғайып, 10,4 трлн теңгені құрады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында отандық банк секторының биылғы 9 айдағы қызметінің нәтижелері туралы баяндаған ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары  Олжас Қизатов мәлім етті.

Оның айтуынша, бизнес субъектілерін несиелендіруді қолдау мақсатында Агенттік 2020 жылдан бері пруденциялық ынталандыру шараларын іске асыруда. Нәтижесінде банктердің капиталы мен өтімділігіне түсетін реттеушілік жүктеме азайтылды, сондай-ақ банктердің кепіл саясатына қойылатын талаптар жеңілдетілді.

«Қазіргі уақытта Агенттік синдикатталған кредит беруді дамыту, еншілес шетелдік банктер тарапынан кредит беру мүмкіндіктерін кеңейту, сондай-ақ шетелдік банктерді тарту және қабылданатын талаптарды ырықтандыру есебінен банк секторында бәсекелестікті арттыру үшін қосымша шараларды да іске асыруда», – деп баяндады спикер. 

Олжас Қизатов еліміздің барлық өңірлерінде экономикаға кредит берудің өскенін атап өтті. Бұл ретте берілген кредиттер республикалық маңызы бар қалаларда шоғырланған, Алматыда – 42,2%, Астанада  – 13,6%, Шымкент қаласында – 5,7%.

«Салалар бойынша экономикаға кредит берудің едәуір үлесі өнеркәсіпке – 11,5% және саудаға 10,2% тиесілі. Жыл басынан бері салалар бойынша кредиттер құрылымы айтарлықтай өзгермеген. Бұл ретте жыл басымен салыстырғанда көлік және сауда салалары бойынша тиісінше 24% және 16%-ға кредит берудің өсуі байқалады», – деді спикер.