05.12.2023 _ 08:41

Жас мамандар «Дипломмен ауылға» жобасы бойынша тұрғын үй сатып алуға 7 млн теңгеден астам несие ала алады

Ауылдық жерлерде кадрлық әлеуетті арттыру мақсатында 2009 жылдан бастап «Дипломмен ауылға» жобасы іске асырылуда, деп хабарлайды ҚР Ұлттық экономика министрлігі. Аталған бағдарламаға денсаулық сақтау, білім, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт, агроөнеркәсіптік кешен салаларындағы мамандар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілері қатыса алады.

Бағдарлама аясында 100 АЕК (345 мың теңге) мөлшерінде біржолғы көтерме жәрдемақы төлеу, тұрғын үй сатып алуға жылдық кредит сомасынан 0,01% мөлшеріндегі сыйақы мөлшерлемесімен 15 жылға 1500 АЕК-ке (5,2 млн.теңге) дейін бюджеттік кредит беру сияқты әлеуметтік қолдау шаралары ұсынылады.

2009-2022 жылдар аралығында 95 мыңнан астам маман 17 млрд теңге сомасына көтерме жәрдемақы , 45 мыңнан астам маман тұрғын үй сатып алуға 142,5 млрд теңге сомасына бюджеттік кредиттер алды.

2023 жылы 3,6 мың маманға тұрғын үй сатып алуға 18,6 млрд теңге қарастырылған. Биылғы жылдың сәуір айынан бастап «Отбасы Банкі» жоба операторы болып тағайындалды. Бағдарлама цифрлық форматқа ауыстырылды. Өтінімдер Баспана маркет жылжымайтын мүлік порталында онлайн режимінде қабылданады.

Сондай-ақ осы жылы әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну мөлшеріне өзгерістер енгізілді. 2024 жылдан бастап аудан орталықтарына жұмыс істеуге келген мамандар үшін бюджеттік кредит көлемі 2 500 АЕК-ке (9,2 млн теңге) дейін ұлғаяды немесе ауылдық елді мекендер үшін 2 000 АЕК-ке, яғни 7,3 млн теңгеге дейін өседі.