06.12.2023 _ 11:20

Биыл Ақмола облысына 530 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды

Ақмола облысы – ерекше инвестициялық тартымдылығы бар өңір. Оған аймақтың географиялық орналасуы және елордаға жақындығы септігін тигізіп отыр. Көкшетау мен Астана қалаларының арасындағы заманға сай автобан, темір жолдың болуы инвесторлардың қызығушылығын арттырады. Бұл жайлы өңір әкімі Марат Ахметжанов Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында баяндады.

Былтырмен салыстырғанда осы жылы Ақмола өңіріне жеке инвесторлар құйған қаражат сомасы 7%-ға ұлғайды. Құны 185 млрд теңгеге тең 154 жоба іске асты. 1,5 мың жергілікті тұрғын жұмысқа орналасты. Инвестицияның жартысынан көбі жаңартылатын энергия көздері саласына тартылды. 

«Аршалы ауданында орналасқан қуаты 150 МВт облыстың ең ірі жел электр станциясының «Борей Энерго» бірінші кезеңі пайдалануға берілді. Зеренді және Ерейментау аудандарында жалпы қуаты 30 МВт-тан асатын 3 жел электр станциясы іске қосылды. Қосшы қаласында 7,5 млрд теңгеге мектеп-гимназия салынды», –  деп мәлімдеді өңір басшысы.

Ірі жобалардың арасында желтоқсан айында Қосшыда ашылатын «IL Tov» құс етін өңдеу зауыты мен Ақкөл ауданында «Sirius Plus» емдеу-сауықтыру қонақ үй кешенін атап өтуге болады. Облыс әкімі халықтың игілігі үшін, жаңа инвесторлармен жұмыс істеуге дайын екендігін жеткізді.