06.12.2023 _ 14:10

«Саламатты Қазақстан» пойызы 88 994 қазақстандыққа медициналық жәрдем көрсетті

«Медициналық пойыздар» жобасы аясында «Саламатты Қазақстан» пойызы 8 айдың ішінде орташа алғанда 18 мың шақырымға жуық жол жүріп, Алматы, Жетісу, ШҚО, Абай, Павлодар, Ақмола, СҚО, Қостанай, Қарағанды, Ұлытау, Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, БҚО, Қызылорда, Түркістан және Жамбыл сынды 17 облыстағы 121 шалғай станцияны қамтыды. Бұл жайында бүгін «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бас директоры Альфия Адиева Орталық коммуникациялар қызметі алаңында мәлім етті.

Сондай-ақ биыл азаматтарымызға құқықтық қолдау да көрсетілді. Мамандар жалпы 98 мыңнан астам халыққа медициналық және құқықтық көмек берді. Оның ішінде, 88 994 қазақстандықтың денсаулығын жақсартуға мүмкіндік алды. Олардың 19 222 – бала. 191 мың адамға дәрігерлік кеңес беріліп, 11 мыңнан астам шағын ота жасалды. 

«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызының жұмысына «Samruk-Kazyna Trust» қоры арқылы «Самұрық-Қазына» компаниялар тобы атынан 590 млн теңге қаржы бөлінді.Оның есебінен дәрігерлер мен медиаторлардың, пойыз бригадаларының тамақтануы, күзет қызметі, дизельдік отын, телефон және ғаламтор байланысы шығындары өтелді. Сондай-ақ пойызды жалға алуға да ақша берілген. Ал дәрігерлерді таңдаумен Денсаулық сақтау министрлігі айналысып, шығындарды өтеді», – деді қор басшысы. 

Бұл жоба аясында ең мықты 35 кәсіби маман қызмет көрсетті. Пойыз жапон және неміс медициналық құрал-жабдықтарымен жабдықталған.

«Қажет болған жағдайда толық жалпы және биохимиялық талдаулар, рентгенография және флюорография, ішкі органдар мен тамырларды ультрадыбыстық зерттеу, электрокардиограмма, гастрофиброскопия, диагностикалық зерттеулердің басқа да түрлері жүргізілді», – деді Альфия Адиева.