11.12.2023 _ 14:40

Ақтөбе облысының әкімдігі өңірді дамытудағы 5 негізгі сын-қатерді атап өтті

Мемлекет басшысы 2025 жылға қарай ел халқын 100% сапалы ауызсумен қамтамасыз етуді тапсырды. Ақтөбе облысында бұл көрсеткіш 98,2%-ды құрайды. Биыл 27 ауылға су жеткізіледі. Келер жылы 5,5 мың адам халқы бар 11 ауылды сумен жабдықтау жобасы іске аспақ. Нәтижесінде тұрғындардың сумен қамтамасыз етілу деңгейі 99,8%-ға жетеді. Мұндай мәліметтермен Орталық коммуникациялар қызметінде аймақ басшысы Асхат Шахаров бөлісті.

Тағы бір міндет – ауылдық елді мекендерді одан әрі газдандыру.

«Бүгінгі таңда облыс халқының 93,4%-ы газбен қамтамасыз етілген. Жыл соңына дейін 7,5 мыңнан астам халқы бар 17 ауылды газдандырамыз, ал келесі жылы біз 3 мыңға жуық адам тұратын 8 ауылды газдандыруды жоспарлап отырмыз», – деді спикер.

Өңір басшысы атап өткендей, олар өз жұмысында «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұстанады. Жергілікті әкімдікте 109 байланыс орталығы жұмыс істейді. Жыл басынан мұнда 55 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Шешімдер «алтын сағат» ережесі шеңберінде қабылданады.

«Өтініштердің орындалуына тұрақты мониторинг, бақылау және талдау жүргізудің арқасында біз өңір дамуындағы халықты толғандыратын 5 негізгі мәселені анықтадық. Бұл - автожолдардың жағдайы, экологиялық жағдай, әлеуметтік сала қызметтерінің сапасы мен қолжетімділігі, инфрақұрылым мәселелері және интернетпен қамтамасыз ету», – деді өңір басшысы.

Асхат Шахаров облыс жолдарының нормативтік жағдайдағы үлесі 75%-ды құрайтынын атап өтті. Жергілікті маңызы бар 458 км автожол 33 млрд теңгеге жөнделді. Бұл жұмыс одан әрі жалғасын табады. Сондай-ақ, субсидиялау арқылы қоғамдық көлік паркін жаңарту бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Ал, өңірдің экологиялық проблемаларын кешенді түрде шешу үшін жол картасы әзірленді. Құжат бекітуге жіберілді. Картада алдағы 3 жылға арналған пәрменді шаралар көрсетілген.