13.12.2023 _ 11:40

2024 жылғы Олимпиада ойындарына қазақстандық спортшылар спорттың 8 түрі бойынша 17 лицензия жеңіп алды

Жақын арада басымдық берілетін спорт түрлері айқындалатын болады. Бүгінгі таңда елімізде спорттық 180 түрі дамып келеді, олардың тек 59-ы халықаралық олимпиада комитетінің мойындауына ие. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде сөйлеген сөзінде туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, халықаралық тәжірибе негізінде ресурстарды тиімді пайдалану үшін негізгі спорт түрлерінің тізімін қайта қарау қажеттілігі туындады. Бұл тізімді анықтау ұлттық спорт түрлеріне нұқсан келтірместен жүзеге асырылады.

Е. Маржықпаев 2024 жыл ауқымды оқиғаларға толы екенін айтты. 19 қаңтардан 1 ақпанға дейін Оңтүстік Кореяның Канвондо қаласында IV қысқы жасөспірімдер олимпиадасы өтеді. Спортшыларымыз оған спорттың 5 түрі бойынша 17 лицензия жеңіп алды. 29 желтоқсанға дейін олар квоталарды жеңіп алу үшін лицензиялық жарыстарға қатысып жатыр.

«26 шілдеден 14 тамызға дейін төртжылдықтың ең маңызды спорттық шарасы өтеді. Ол - әлемнің 205 елінен 10 мыңнан астам спортшының қатысуымен Парижде ұйымдастырылатын жазғы Олимпиада ойындары. Ұлттық құрама командалар спорттың 20 түрі бойынша қатысуды жоспарлап отыр. Бүгінде еліміздің қоржынында спорттың 8 түрі бойынша 17 лицензия жиналды. Бірақ әлі уақыт бар. Менің ойымша, біз жұмыс істейміз», - деді спикер.

Алда тағы 90-ға жуық лицензиялық жарыс бар. Яғни жолдамалар саны артуы мүмкін.