19.12.2023 _ 09:23

Тоқсаннан астам ұлытаулықтар қайтарымсыз грантқа ие болды - Еңбек министрлігі

Биыл Ұлытау облысы бойынша 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтардың кәсіпкерлік бастамаларын дамытуға 92 грант беру жоспарланған. Бүгінгі күні барлық жобаға қатысушылар мемлекеттен қолдау алып, өздерінің бизнес-идеяларын іске асыруға кірісті, деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Фото: gov.kz

Ұлттық жобаға қатысушылардың бірі Қаражал қаласының тұрғыны Гүлшат Кенебаева. Ол 1 380 000 теңге көлемінде қайтарымсыз грантты «Тазартылған ауыз су ұсыну» бизнес жобасына алды.

«Биыл «Бастау-Бизнес» жобасы аясында онлайн бизнес жүргізудің негізгі білімін игеріп, сертификат алдым. Ал алған ақшаға су тазарту құрылғысын сатып алдым. Осындай мемлекеттік қолдау шараларының арқасында енді менің жеке шағын кәсібім бар», – деп бөлісті Гүлшат.

Тағы бір сәтті мысал ретінде Жезқазған қаласының тұрғыны, логопед-дефектолог Жадыра Жұмахметованы айтуға болады, жеке практиканы жүзеге асыру үшін ол да 1 380 000 теңге көлемінде қайтарымсыз грант алды.

«Мемлекеттік гранттар конкурсы туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Instagram әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасынан білдім, сол жерден барлық қажетті ақпаратты алып, қатысуға шешім қабылдадым. Осы қолдаудың арқасында мен түзету орталығын аштым», – дейді ол.

Бөлінген қаражатқа Жадыра Жұмахметова қажетті құрал-саймандар мен жабдықтар сатып алып, «Нұр бала» балалар түзету орталығын ашты.

2023 жылы Қазақстанда бизнес-идеяларды іске асыру үшін барлығы 9 мың грант беру жоспарланған болатын. Бұл ретте жыл басынан бері 9 102 грант берілді.

Келесі жылы халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтарға гранттар беру жөніндегі шара өз жалғасын табады. Жоспарға сәйкес 9 мың грант беру қарастырылған. Ол туралы тиісті хабарландырулар ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің және халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі органдардың ресми интернет-ресурстарында өтініштерді қабылдау басталғанға дейін күнтізбелік 10 күн бұрын жарияланатын болады.