Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында жасанды интеллект технологияларын қолдануға ерекше назар аударуды талап ететіні атап өтілді. Сондай-ақ елімізде креативті экономиканың ауқымды дамуы үшін жағдай жасауға баса назар аударылды. Оның ішінде зияткерлік меншікті құқықтық құралдармен қорғау жайында сөз қозғалды.
Орталық коммуникациялар қызметі алаңында заңнаманы жетілдіру туралы ҚР әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова айтып берді.
Ведомство заңның тиісті жобасын әзірлеп жатыр. Құжатта зияткерлік меншік құқықтарын сақтау мен қорғауды қамтамасыз ету бойынша қосымша құқықтық құралдарды енгізу, зияткерлік меншікті дамыту үшін қолайлы жағдай жасау, инвестициялар тарту тетіктері қамтылған. Сәуір айында құжатты Парламенттің қарауына енгізу жоспарланған.
«Заң жобасында авторлардың және өзге де құқық иеленушілердің құқықтарын нақтылау бойынша (ретрансляция бойынша) түзетулер көзделген. Көру қабілеті бұзылған адамдардың жарияланған туындыларға қол жеткізу мүмкіндігін қамтамасыз ету мақсатында авторлардың құқықтарына шектеулерді толықтыру, яғни тарату, жалпыға бірдей назарға жеткізу, көпшілік алдында орындау сынды нормалар бар. Қызмет алушылардың өтінімдері бойынша тауар белгілерін жеделдетіп тіркеуді енгізу – бұл бүгінгі күннің үндеуі. Сондай-ақ патенттік сенім білдірілген өкілдердің қызметі және тиісті салалар бойынша патенттік сенім білдірілген өкілдерді аттестаттаудан өткізу жоспарда бар. Яғни, даралау құралдары мен өнертабыстар, пайдалы модельдер, өнеркәсіптік үлгілер, селекциялық жетістіктер, интегралды микросхемалар топологиялары бойынша белгілі бір мамандандыру енгізіліп жатыр», – деді спикер.
Сондай-ақ жауапкершілік мәселесі қаралады. Яғни тауар белгісін заңсыз пайдаланғаны үшін күшейтілетін мән-жайларға байланысты қылмыстық құқық бұзушылық құрамын ажырату жөніндегі новеллалар көзделген.