Қолайлы іскерлік ахуал жағдайында
Ақтөбе облысы 2023 жылды әлеуметтік-экономикалық дамудың тұрақты көрсеткіштерімен аяқтап отыр. Биыл облысқа тартылған инвестициялар ағыны 1 триллион теңгеден асады деп күтілуде. Бұған қол жеткізуге болады, себебі ағымдағы жылдың 10 айында облыс экономикасына шамамен 804 миллиард теңге тартылды.
Биыл облыста бірқатар маңызды әрі ірі инвестициялық жобалар іске қосылды. Атап айтқанда, шламды өңдеу зауыты. Оның жұмысының нәтижесінде жинақталған 14,5 миллион тонна қалдық өңделмек. Жоба өңір экологиясына оң әсерін тигізеді. Фабриканың ашылуымен 270-тен астам жаңа жұмыс орны құрылды. Ал ішкі нарықты қажетті мұнай жабдықтарымен қамтамасыз ететін мобильді бұрғылау қондырғыларын шығаратын жаңа зауыт 100 адамды жұмыспен қамтып отыр. Сондай-ақ құны төмен болса да, өңірді дамыту үшін маңызды жобалар бар. Олардың қатарында Батыс Қазақстан өңірлерін құрама жеммен қамтамасыз ете алатын Жаңа-Әлжан диірмен комбинатының жаңа цехы бар.
Алдағы 4 жылда Ақтөбе облысында жалпы құны 4,1 триллион теңгені құрайтын 51 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Олардың арасында бірегейлері де бар. Мысалы, қой жүнінен жылуды үнемдейтін құрылыс материалдарын шығаратын зауыт, облыстың цемент материалдарына қажеттілігін толық қамтамасыз ететін 1 млн тонна өнім шығаратын QazCement Industries зауыты, электроника өндірісінің негізін құрайтын никель-кобальт кендерін өңдейтін зауыттар және т.б.
Сонымен қатар, ағымдағы жылы ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар – ERG, СНПС-Ақтөбемұнайгаз және Ақтөбе мыс компаниясы кәсіпорындарды жаңғырту мен кеңейтуге 200 миллиард теңге бөлді.
Еліміздегі ең ірі мектептердің бірі және ең көне шетелдік техникалық ЖОО-ның филиалы осы өңірде орналасқан
Ағымдағы жылы облыста 5 мектеп пайдалануға берілді, оның ішінде еліміздегі ең ірі мектептердің бірі «Смарт Білім» мектебін ерекше атап өтуге болады. Білім беру мекемесінде 5 мыңнан астам оқушы оқиды. Ол кәсіпкердің өз қаражаты есебінен салынғанымен, оқушылар мемлекеттік тапсырыс шеңберінде тегін білім алады. Мектеп озық технологиялармен және құрал-жабдықтармен жабдықталған. Шығармашылық ойлауды дамытуға мамандандырылған ArtLab кабинеті, ArtNation.kz білім беру жобасы аясында 1-11 сынып оқушылары IT өзекті бағыттары бойынша 3D модельдеуді меңгереді.
Ал алдағы екі жылда облыста тағы 44 жаңа мектеп салынады. Қазіргі кезде облыста 4 үш ауысымды және 5 апатты мектеп, сонымен қатар заман талабына сай келмейтін 41 ескі мектеп бар. Қазірдің өзінде 6 ескі мектеп бойынша нақты шешімдер қабылданды. Қалған 35 ауыл мектебінің мәселесі алдағы 5 жылда кезең-кезеңімен шешілетін болады.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру аясында ағымдағы жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің базасында жетекші шетелдік Heriot-Watt техникалық университетінің филиалы ашылды. Білім беру бағдарламалары еліміздің батыс аймағындағы техникалық мамандықтарға индустрияның сұранысын ескере отырып таңдалды. Грант негізіндегі алғашқы 300 студент қазірдің өзінде үш факультетте оқуын бастады: «Мұнай инженериясы және энергетика менеджменті», «Электр энергетикасы» және «Компьютерлік инженерия».
Ақтөбе облысында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында үш медициналық объектінің құрылысы сәтті аяқталды. Атап айтқанда, Хромтау ауданының Аққұдық және Мұғалжар ауданының Бұлақты ауылдарында медициналық пункттер, сондай-ақ Байғанин ауданы Кемерші ауылында дәрігерлік амбулатория салынды. Ауысымына 20 келушіге арналған медициналық пункттер, сондай-ақ 60 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория заманауи құрал-жабдықтармен және жаңа жиһаздармен жасақталған.
Сонымен қатар, тағы 5 объектінің құрылысы аяқталуда, олар жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.
Жалпы, ұлттық жоба аясында өңірде 29 медициналық объектінің құрылысы жоспарлануда, бұл шалғайдағы ауылдық елді мекендердің 15 мыңнан астам тұрғынына уақытылы білікті медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
Кірістер мен жұмыспен қамтуды арттыру басты назарда
Ақтөбе облысында кірістер мен жұмыспен қамту саласында оң нәтиже байқалады. Жұмыспен қамту жоспарына сәйкес ағымдағы жылы 53 мың жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту жоспарлануда.
«Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқытуға 9267 адам жіберілді, бұл жоспарланғаннан екі есе артық. Жаңа бизнес-идеяларын жүзеге асыру үшін 561 адам тегін мемлекеттік грантқа ие болды. 206 адам жастарға арналған 2,5 пайыздық жеңілдікпен несие алды.
Ағымдағы жылдың 9 айында орташа еңбекақы 314,1 мың теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 18,9 пайызға артты.
АӨК, логистика, энергетика
Өңірде ауыл шаруашылығы тұрақты дамып келеді. Ағымдағы жылы саланы мемлекеттік қолдауға 14,5 млрд теңге бөлінді. Өңірдегі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау мақсатында жем-шөп шығындарын өтеуге қосымша 2,9 млрд теңге бағытталды. Көрсетілген мемлекеттік қолдаудың арқасында биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығында 397 миллиард теңге сомасына өнім өндірілді.
Бүгінгі таңда «Ауыл аманаты» жобасы аясында құны 7,3 млрд теңгені құрайтын 1627 жоба мақұлданған. Нәтижесінде жеке қосалқы шаруашылықтар 219 мыңнан астам құс сатып алып, 210 гектар көкөніс және бақша дақылдары егілді, жалпы көлемі 1 гектардан асатын 77 шағын жылыжай салынды.
Сондай-ақ 101 кондитерлік цех пен наубайхана, 129 сүт және 65 ет өңдейтін шағын цех және 430-дан астам басқа да шағын бизнес жобалары іске қосылды. Ауылдық жерлерде 1210 жаңа жұмыс орны ашылып, 1062 адам жеке кәсіпкер ретінде тіркелді.
Ең маңызды мәселелердің бірі – жолдардың жай-күйі.
Нормативтік жай-күйдегі жолдардың үлесі шамамен 75%. Көрсеткіш жоғары емес, сондықтан жергілікті билік оны арттыруды көздеп отыр. Ағымдағы жалпы сомасы 33 млрд теңгеге 458 километр жергілікті маңызы бар жол жөнделді. 2024 жылға кемінде 480 километр жолды жөндеу және стандартты жағдайдағы жолдардың үлесін 82%-ға дейін жеткізу жоспары бар.
Республикалық маңызы бар жолдарға келсек, тозығы жеткен «Ақтөбе – Ұлғайсын» республикалық жолы проблемалық аймақ болып табылады. Қазіргі таңда Ақтөбе-Хромтау-Қарабұтақ учаскесінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Аталған жол желісі 5 есеге артық жүктелген. Осыған байланысты ұзындығы 262 километр болатын жолды 3-санаттан 1-ші санатқа көшіріп, 4 жолаққа дейін кеңейту жоспарлануда. Жобаның орташа құны шамамен 560 млрд теңгені құрайтын болады. Келесі жылы бірінші кезеңде ұзындығы 56 километрды құрайтын 2 учаскенің құрылысы басталады.
Сондай-ақ өткен ғасырдың 60-70-жылдары салынып, 30 жылға жуық жөндеу көрмеген республикалық маңызы бар «Қандыағаш-Шалқар» (259 км) жолында да жөндеу жұмыстары басталып кетті. Биыл 20 километр жол жөнделді. Келесі жылы Көлік министрлігінің қолдауымен тағы 75 шақырымды жөндеу жоспарлануда.
Алдағы жылдары энергетика саласында үлкен өзгерістер болады. «Ақтөбе ЖЭО» АҚ Ақтөбе қаласын орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етудің бірден-бір көзі болып табылады. Биыл 2023-2027 жылдарға арналған бекітілген инвестициялық бағдарлама 4,9 млрд теңгеден 22,5 млрд теңгеге өзгертілді. Жаңартылған жобаға сәйкес негізгі жабдықтарды күрделі жөндеу және қайта құрудан бөлек, 2 жаңа қазандықтың құрылысы қарастырылған. Жалпы, 2029 жылға қарай жабдықтың тозуын 41,5%-дан 36,2%-ға дейін төмендету жоспарлануда.
«Энергосистема» ЖШС жаңа тарифтік саясат шеңберінде кәсіпорынның инженерлік құрылыстары мен желілерін қайта құру және жаңғырту жөніндегі инвестициялық бағдарламасына өзгерістер қосылып, енгізілді. Бұған дейін бекітілген бағдарламаға сәйкес 66 қосалқы станция мен 473,5 шақырым электр желісін жөндеу жоспарланған болатын. Жаңа бағдарлама бойынша 116 қосалқы станцияның жабдықтары жаңартылып, 1140,9 километр электр желілері жөнделеді.
Құрылыс және ТҮКШ
Ақтөбе облысында құрылыс және ТҮКШ саласында ағымдағы жылдың 10 айында барлық қаржыландыру көздері есебінен 818 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Оның үстіне жыл соңына дейін рекордтық көрсеткішке қол жеткізіп, 1,3 миллион шаршы метр тұрғын үй салу жоспарлануда.
Әлеуметтік тұрғын үйге баса назар аударылады. Жалпы, Ақтөбе қаласы бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспанаға мұқтаждар тізімінде 27 621 азамат бар. Жыл соңына дейін кезекте тұрған 624 адамды баспанамен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Пәтер жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, көпбалалы аналарға және халықтың басқа да әлеуметтік осал топтарының өкілдеріне беріледі.
Жалпы, Ақтөбе облысы жылды жақсы көрсеткіштермен аяқтап отыр, олардың біразы өткен жылмен салыстырғанда жоғары. Ал қуатты өңірге тән даму қарқыны болашақтың іргетасы қаланғанын көрсетеді.