22.12.2023 _ 11:40

Астана әкімі қаланың әлеуетті құрылыс аудандарын атады

Президенттің тапсырмасы бойынша Астананы 2035 -жылға дейін дамытудың жаңа бас жоспары әзірленді. Қаланың аумағы өзгеріссіз қалып, шамамен 80 мың гектарды құрайды. Бұл туралы елорда әкімі Жеңіс Қасымбек Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында сөйлеген сөзінде айтты.
Астана әкімі қаланың әлеуетті құрылыс аудандарын атады

Оның едәуір бөлігін «Жасыл сыналар» құрайды. Олар саябақтар, Есіл, Ақбұлақ, Сарыбұлақ өзендерінің және Нұра-Есіл каналының жағалауларымен бірге бірыңғай табиғи-ландшафтық кешенді құрайды.

«Жаңа Бас жоспарға сәйкес Мыңжылдық аллеясы, Тельман тұрғын алабы және Тұран даңғылының батысындағы аудан әлеуетті құрылыс аудандары болып танылды.  Алдағы 10 жылда қала халқы 2,3 млн адамға дейін өседі деген болжам бар. Тұрғын үй қоры 2 есеге артып, 68 млн шаршы метрді құрайды», – деді спикер.

Жаңа Бас жоспарға сәйкес 2035- жылға дейін 178 балабақша мен 164 мектеп, 93 денсаулық сақтау мекемесі салынады. Бас жоспардың жобасы қала жұртшылығы, мәслихат депутаттары келісіліп, қажетті сараптамалар мен қоғамдық тыңдаулардан өтті.