26.12.2023 _ 14:10

ҚР ҚМ: жеке құраммен жауынгерлік даярлық іс-шаралары толық көлемде орындалды

Мемлекет басшысы Қарулы Күштер азаматтарды, конституциялық құрылысты және егемендікті кез келген сипаттағы және ауқымдағы қауіп-қатерлерден барынша тиімді қорғау үшін бір мақсат үшін үйлесімді жұмыс істеуге тиіс екенін атап өтті. Осыған байланысты 2023 жылы үлкен жұмыс атқарылды, ол негізінен әскердің жауынгерлік әзірлігін және әскери күштер трансформациясын одан әрі жетілдіруге бағытталған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі есептік кездесу барысында ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Қамалетдинов хабарлады

Оның айтуынша, жеке құрамның жауынгерлік даярлық іс-шаралары толық көлемде орындалған. Жоспарлы ауқымды оқу-жаттығулары, оның ішінде халықаралық жаттығулар, әскери даярлықты кенеттен тексеру және жаттығулар өткізілді. 

Сондай-ақ әскерилер Абай және Жамбыл облыстарындағы төтенше жағдайлар мен техногендік апаттардың салдарын жоюға қатысып, бейбіт тұрғындарға көмек көрсетті.

«Нақтылайтын болсақ, жақында Жамбыл облысында 30 бірлік техника тартылып, қар құрсауынан 200-ден астам адам құтқарылды. Шілде айында Абай облысында өрт сөндіру кезінде армия авиациясы 400 тоннадан астам су тастады. Тілсіз жауды сөндіруге 500-ден астам әскери қызметші, 30 бірлік техника, оның ішінде 8 тікұшақ тартылды. Қарулы Күштердің әскери қызметшілері төтенше жағдайларда азаматтарға көмекке келуі сирек емес. Олар өртте ондаған адамның өмірін сақтап қалды. Отан қорғаушылардың батыл әрекеттері тұрғын үйлерде газ баллондарының жарылуына жол бермеді. Суға батып бара жатқан адамдар құтқарылды», – деп атап өтті генерал-лейтенант.

Министрдің орынбасары мамыр айында ел Президенті – ҚК Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен барлық күштік құрылымдардың өкілдерінің қатысуымен өткен Бүкілармиялық кеңес өтіп бара жатқан жылдың маңызды оқиғаларының бірі деп атады.

«Қатысушылар алдында сөз сөйлеген Жоғарғы Бас Қолбасшы былай деді: «Армияны технологиялық тұрғыда жаңғырту жұмысы жалғасады. Жаңа үлгідегі қару-жарақтың және техниканың, әсіресе дәлдігі жоғары қарулардың, ұшқышсыз басқарылатын техника мен роботты кешендердің үлесін арттыру қажет. Сондай-ақ әскеріміз ұтқыр болу үшін тасымалдаушы ұшақтардың және ұрыс көліктерінің санын көбейткен жөн», – деп атап өтті спикер.

Бүгінгі таңда Қарулы Күштерге техника мен қару-жарақтың заманауи үлгілері келіп түсуде.