09.01.2024 _ 13:59

ҚР ҰЭМ: тұтынушыларды сапалы коммуналдық қызметтермен қамтамасыз ету үшін желілердің тозу деңгейі 3,5%-ға төмендейді

2024 жылы «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында тұтынушыларды сапалы коммуналдық қызметтермен қамтамасыз ету үшін желілердің тозу деңгейі 3,5%-ға төмендейді деп күтілуде, 2,5 мың км құрайтын иесіз коммуналдық желілер ТМС-тің (табиғи монополиялар субъектілері) басқаруына беріледі, деп хабарлайды ҚР Ұлттық экономика министрлігі.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы қызметкерлерінің жалақысы орташа салалық көрсеткіш деңгейіне (10-20%-ға) индекстелетін болады

ҚР Ұлттық экономика министрлігі ТМС-тің қабылданған міндеттемелерін бақылау арқылы тұтынушылардың құқықтарын қорғауды, тарифтік реттеудің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз етеді.

2024 жылдан бастап табиғи монополиялар салаларындағы тәуекелдерді басқарудың автоматтандырылған жүйесі енгізілді, тексерулер адамның қатысуынсыз жүргізіледі, субъектілерді тәуекел дәрежесі бойынша градациялау арқылы қолайсыз факторлардың туындау ықтималдығы төмендейді.

Биыл ақпан айынан бастап тарифті белгілеудің «ынталандырушы» әдісі енгізіледі.

Жаңа инвестицияларды ынталандыру, инновациялық шешімдерді енгізу, тұтынушылармен байланыс деңгейін арттыру, көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау және тиісінше кіріс алу арқылы ТМС қызметінің тиімділігін арттыру қарастырылуда.

2024 жылы елімізде коммуналдық ресурстарды «тұтынудың әлеуметтік нормаларын» енгізу жоспарланып отыр. Мақсаты – коммуналдық ресурстарды үнемді тұтыну мәдениетін арттыру, сондай-ақ болашақ ұрпақтың жайлы өмір сүру жағдайын қамтамасыз ету.