10.01.2024 _ 14:30

COVID-19: бүгінгі таңда республика бойынша жағдай алаңдатарлық емес

Ковидтің басқа елдерде таралуына байланысты елдегі эпидемиологиялық ахуал қандай? Алаңдауға себеп бар ма? Маска тағу режиміне оралу қажет пе? Журналистің сұрағына Орталық коммуникациялар қызметінде өткен дөңгелек үстел барысында ҚР ДСМ «Ұлттық Қоғамдық денсаулық сақтау орталығы» ШЖҚ РМК басқарма төрағасы Манар Смағұл жауап берді.

Оның айтуынша, COVID бойынша жағдайы үнемі бақылауда.

«Соңғы үш эпидемиялық маусымда коронавирустық инфекцияның, тұмаудың және басқа да жедел респираторлық инфекциялардың ұқсас белгілерін ескере отырып, осы инфекцияларға интеграцияланған қадағалау жүргізілуде. Апта сайын мониторинг жүргізіледі және бүгінгі таңда республика бойынша жағдай алаңдатарлық емес. Қазақстандағы штамдардың айналымын қадағалау үшін ай сайын Астана қаласындағы вирусологиялық зертхана мен Алматы қаласындағы вирусологиялық зертхана базасында коронавирустық инфекцияның айналымдағы штамдарына тұрақты генетикалық мониторинг жүргізіледі», – деп атап өтті спикер.

Міндетті түрде маскамен жүру режимін енгізу әзірге қажет емес, бірақ бұл қорғаныс құралы осы эпидемиологиялық маусымда ауру белгілері бар адамдар көп жиналатын жерлерде ұсынылады. Бұл басқа адамдарға жұқтырмау үшін қажет.