10.01.2024 _ 16:01

Қызылшаның қауіпті салдары көп - Д.Баешева

Медициналық көрсеткіштер бойынша онкогематологиялық аурулары,  иммунодефициті бар, жүкті  әйелдерге және де канамицин, неомицин деген дәріге аллергиясы барларға ғана қызылшаға қарсы екпе салынбайды. Сондай-ақ респираторлық инфекциясы қызып тұрған уақытта да вакцина салуға болмайды. Бірақ ауру басылғаннан кейін, міндетті түрде ол екпені жасау керек. Созылмалы ауруы өршіп тұрса, сол уақытқа екпеден медициналық тұрғыдан бас тартып, кейін ол адамдарға екпе салдыртқан жөн. «Астана медицина университеті» КЕАҚ балалар жұқпалы аурулар кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы, жоғары біліктілік санатындағы инфекционист-дәрігер Динагүл Баешева Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында осындай мәлімдеме жасады.

Сондай-ақ маман қызылшаға қарсы вакцина алғандардың арасында сырқаттанатындардың саны 2,5-4%-ға жетуі мүмкін екенін жеткізді.

«Ол әр уақытта болған нәрсе. Бірақ біріншіден, бұл жағдайда қызылша өте жеңіл түрде өтеді. Екіншіден, ол адамда асқыну болмайды. Ол адамның иммундық жүйесіне байланысты. Бірақ көбінесе 95-96%-ы аурмайды. Сол себепті, бүгінгі күні қызылшадан сақтанудың бір жолы – ол вакцина алу. Вирустың бірнеше түрі болса да, вакцина бүкіл штамына қарсы төтеп береді», – деді спикер. 

Динагул Баешеваның хабарлауынша, Қазақстанда екпе алмағандықтан қызылшамен ауырудың көрсеткіші күрт өсіп кетті.

«Екпе болмай тұрғанда бірталай бала қайтыс болған. ДДҰ мәліметтеріне сүйенсек, көп өлім осы қызылшадан болады деген дәлелдемесі бар. Сондықтан сақтап қаламын десек, балаға көп көңіл бөлу керек. Қызылша баланың өкпесіне, бауырына, бүйрегіне, жүрегіне бүкіл ағзасына әсер етеді. Ауырғанын былай қояйық, оның асқынуы баланың бүкіл иммунитетін жойып жібереді. Жай тұмау, бактериялармен қызылшадан кейін ауырса, ол өте жоғары дәрежеде өтеді. Ал, тағы бір қауіпті жағдай ол – адамның миының зақымдануы. Оның салдары 20 жылға созылуы мүмкін. Қазір дәрігерлер осы аурудың зардабын көріп отыр. Балалар нашар халде. Көбінесе ата-аналар бей-жай қарап, баланы үйде қалдырады. Сондықтан бұндай жағдайға түспейін десек, баланың денсаулыққа құқығын айырмау керек. Ол үшін ата-ана да, дәрігерлер де жауапкершілік алып, баланың құқығын сақтап, балаларымызды аман-есен сақтап қалайық», – деді маман.