15.01.2024 _ 14:10

«Қазақстан халқына» қоғамдық қорына көптеген жеке тұлғадан да ақша түседі - Б. Жәмішев

«Қазақстан халқына» қоғамдық қорының жұмыс бағыты басқарма шешімімен емес, үкіметтік емес сектор тарапынан айқындалған. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Қор басшысы Болат Жәмішев мәлімдеді.

Ол 2022 жылы қайырымдылық бойынша үлкен ұлттық конференция өткізілгенін еске салды. 40-тан астам ауқымды кездесу өтті, оған 1173 үкіметтік емес ұйым қатысты.

Қор қызметінің басым бағыттары денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау, білім беру, мәдениет және спорт салаларында халыққа қайырымдылық көмек көрсету, сондай-ақ төтенше жағдай кезінде зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету болды. Қордың бағдарламалары елдің барлық 20 өңірінде ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларға баса назар аудара отырып іске асырылады.

«Қор өзінің қызмет ету мерзімінде 67 қайырымдылық бағдарлама мен жобалардың бастамашысы болды, оларды жалпы сомасы 177 млрд теңгеге іске асыру жоспарланған. «Қазақстан халқына» қоры иелік ететін қаржы ресурстарынсыз қайырымдылық жобаларына бастамашылық жасау және іске асыру мүмкін болмас еді. Қордың ресурстары қайырымдылық жарналары есебінен қалыптастырылды. Қазіргі уақытта қорға 196,6 млрд теңге түсті. Оның ішінде 2 жыл ішінде Қор жалпы сомасы 90,9 млрд теңгеге қайырымдылық көмек көрсетті. Бүгінгі таңда шығындар 90,9 млрд теңгені құрады, бірақ біз бекіткен және іске асырумен айналысатын жобалардың барлығы 177 млрд теңгені құрады», - деді Б.Жәмішев.

Сондай-ақ ол 131 млрд теңгені 60 қазақстандық компания, 20 млрд теңгеден сәл астам соманы «Самұрық - Қазына» қоры аударғанын, ал 39 млрд теңге ірі донор-жеке тұлғалардан келіп түскенін хабарлады. Бұдан бөлек, халықтан да ақша аударымдары бар екенін атап өтті. Мысалы, бірнеше күн бұрын үш құрылыс компаниясынан балалар мен жастарға протез жасау жобасын іске асыруға 500 млн теңге түсті.