15.01.2024 _ 14:30

Балаларға арналған оңалту құралдарын үйге алып кетіп пайдалануға болады. «Қазақстан халқына» қорының пилоттық жобасы еліміздің 4 өңірінде іске қосылады

«Қазақстан халқына» қоры балалар мен жастарды оңалтудың техникалық құралдарымен қамтамасыз етеді. Мәселен, Қор 29 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі жандар мен жастарды инновациялық протездік-ортопедиялық бұйымдармен қамтамасыз ету жөніндегі жобаларды қаржыландырмақ. Қазіргі уақытта 1,073 млрд теңге сомасына 128 адам (29 бала) бионикалық және модульдік протездермен қамтамасыз етілді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі дөңгелек үстел барысында «Қазақстан халқына» ҚҚ басшысы Болат Жәмішев мәлімдеді.

Сондай-ақ тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларды роботтандырылған құралдармен қамтамасыз ету бағдарламасы бойынша 13 экзоскелет дайындалып, балаларға үйінде пайдалануға берілді.

Жақында техникалық оңалту құралдарының көмегімен үйде балаларды оңалту жобасы іске қосылды.

«Оңалту орталықтарын қанша құрсақ та, балалардың осы орталықтарда болу уақыты шектеулі болатыны түсінікті. Сол себепті біз серіктестерімізбен бірге оңалту динамикасын жоғалтпау үшін арнайы жобаны жүзеге асыруды шештік. Оның әлемде бізге белгілі аналогтары жоқ. Мұндай балалардың отбасыларына үйге техникалық оңалту құралдары берілетін болады. Басынан бастап белгілі бір қаражат беріледі, прогреске байланысты оңалту уақытын ұзартуға қол жеткізетін адам саны едәуір артады», – деп түсіндірді спикер.

Жаңа жобаны сынақтан өткізу үшін 4 пилоттық өңір анықталды: Абай, Қызылорда, Павлодар облыстары және Шымкент қаласы. Жобаның сомасы - 4,5 млрд теңге. Ол сәтті жүзеге асса, мұндай бастама еліміздің басқа өңірлерінде де енгізілетін болады.