18.01.2024 _ 11:20

Нөлдік төзімділік - аса ауыр қылмыстардың алдын алудың жолы

Полиция жергілікті атқарушы органдармен, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен, еріктілермен және күзет құрылымдарымен өзара іс-қимыл жүргізеді. Жақында қоғамдық көліктердегі оқиғалар жиілеп кеткендіктен, тәртіп сақшылары «Тасымалдаушы» жедел профилактикалық іс-шарасын өткізді. Оның басты мақсаты - кез келген қоғамдық көліктегі құқық бұзушылыққа нөлдік төзімділік орнату және жолаушылар мен жүргізушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл жайлы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында ҚР ІІМ ӘПК төрағасы Қайсар Сұлтанбаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, былтыр ішкі істер органдары жалпы 10 миллионнан астам әкімшілік құқық бұзушылықтың жолын кесті. Оның ішінде ұсақ бұзақылық жасау, қоғамдық орындарда тиісу, белгіленбеген орындарда темекі шегу, алкогольді ішімдіктер ішу, жалпы пайдалану орындарын ластау деректері анықталды. 

«Бұдан басқа, бөтеннің мүлкіне қасақана зақым келтірудің 2 мыңнан астам фактісі анықталды. Сонымен бірге өткен жылдың 1 шілдесінен бастап полиция өтініш беруден тұрмыстық құқық бұзушылықтарды тіркеудің анықтаушы сипатына көшті. Жаңа заңнама шеңберінде тұрмыстық жанжалдар туралы 50 мыңнан астам өтініш қаралды. Материалдардың 64%-ы бойынша әкімшілік іс қозғалды. Әкімшілік қамауға алынған адамдардың саны 2 есеге артты. Осылайша, кез келген құқық бұзушылыққа төзбеушілік атмосферасын құра отырып, біз қоғамды аса ауыр қылмыстардан сақтаймыз», – деді спикер.