19.01.2024 _ 14:20

Цифрлық форум аясында халықаралық көрмелер ұйымдастырылады

Биылғы Цифрлық форум түрлі жаңашылдықтарға толы болмақ. Мәселен, Іскерлік бағдарлама мен көрменің шеңберінде инновациялар мен цифрландырудың көпжақты бағыттарына назар аударылады. Яғни Gov tech саласындағы бастамаларды іске асыру мен экономиканың нақты секторындағы, атап айтқанда өндіруші өнеркәсіпті цифрландыру саласына басымдық берілмек. Бұл туралы «Digital Almaty 2024» ұйымдастыру комитетінің жетекшісі Адия Ахметова Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында айтты.

Оның хабарлауынша, көрмеге іскерлік бағдарлама аясында 200-ден астам компания мен 300-ден аса спикер қатысады. Биыл көрменің негізгі нысандары: Цифрлық даму инновациялары және аэроғарыш өнеркәсібі, Энергетика, сондай-ақ Өнеркәсіп және құрылыс министрліктерінің көрмелері. Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан және Армения елдерінен 126-дан астам технологиялық стартап қатысады. Халықаралық көрмелер өтеді. Олардың арасында Иран, Татарстан, Қытай көрмелері бар. 

«Көрменің тағы бір тұсы – инновациялық жобалармен таныстыратын жер қойнауын пайдаланушылар аллеялары. Оған қатысатын отандық және шетелдік компаниялардың түрлі инновациялық шешімдер ұсынылады. Tech garden резиденттері арасынан өнеркәсіп үшін шешімдер әзірлейтін Қазақстанның үздік ІТ-компаниялар көрмесі өтеді», – деді спикер. 

Форум аясында Орталық Азиядағы ең үздік стартап атағы үшін алғашқы ауқымды сайыс болып табылатын стартап жарыс өтеді. Жалпы жүлде қоры 150 000 долларды құрайтын «Industry 4.0 Startup Battle» үздік өнеркәсіптік стартапты анықтайтын ауқымды сайыс болып табылады. Оның мақсаты – өнеркәсіпті цифрландыру саласындағы инновациялық стартаптарды қолдау. «Industry 4.0 Startup Battle» ұтымды идеялар мен шешімдердің, технологиялық инновациялардың шыңы болмақ.