19.01.2024 _ 14:30

2023 жылдың соңына қарай қазақстандық IT-қызметтердің экспорты 500 миллион долларға жетуі мүмкін - ЦДИАӨМ

«Digital Almaty-2024» форумына Иран, Үндістан, Беларусь, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей және Қытай халықаралық технопарктерінің қатысатыны жарияланды. Бұл болашақта жемісті ынтымақтастықтың негізін қалауға, цифрлық технологиялар саласындағы ағымдағы тенденцияларды, сондай-ақ оларды әлеуметтік, экономикалық және экологиялық мәселелерді шешу үшін қолдану мүмкіндіктерін талқылауға көмектеседі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Ақпараттық технологиялар саласын дамыту департаментінің директоры Ерсұлтан Ерманов мәлімдеді.

Оның айтуынша, мұндай ынтымақтастық аймақтық деңгейде цифрлық экономиканы дамытуға ықпал етеді. Жалпы, форум инновациялық идеялар мен стартап жобаларды жаңа нарықтарға шығаруда маңызды рөл атқарады. Жаһандық бастамаларға қатысу және аймақтық экожүйелерді қолдау технологиялық индустрияның дамуына елеулі әсер ете отырып, бизнес пен кәсіпкерлер үшін жаңа перспективалар ашады.

Көрсеткіштер қазақстандық қызметтерге сұранысты растайды.

«Салыстырсақ, 2020- жылы ІТ-қызметтерінің экспорты 30 миллион долларды құрады, 2022- жылдың соңында қызмет экспорты 343 миллион долларды, 2023- жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша 373 миллион долларды құрады. Қазірдің өзінде оң динамика байқалады. Ұлттық банктің ресми есебі наурыз айында жарияланады. Бірақ біз 500 миллион долларлық межеге мерзімінен бұрын жетеміз деп үлкен сеніммен айтамыз», - деді спикер журналистің сұрағына жауап беріп.

ЦДИАӨМ өкілі бұл көрсеткіштерді тарихи фактілермен түсіндірді. 2018 жылы Astana Hub халықаралық технопаркі ашылды. Ол акселерация және білім беру бағдарламаларын іске қосты, компаниялар салық төлеуден босатылды.

«Бұл өз нәтижесін берді, қазір біз экспортта үлкен нәтижелерге қол жеткізіп жатырмыз және стартаптар бәсекеге қабілетті бола бастады. Әзірге, өкінішке қарай, Қазақстаннан бірегей жоба шыққан жоқ, бірақ, меніңше, біраз күту керек», – деді Ерсұлтан Ерманов.

Ол сондай-ақ, Hero Training бағдарламасы аясында стартаптар Силикон алқабына «жолдама» алатынын еске салды. Негізгі жетістіктердің бірі Citix компаниясының ірі венчурлық инвесторы Тим Дрейпердің инвестициясын тарту болды. Алматыда орналасқан тағы бір стартап, Hicksfield AI, жасанды интеллект бағытында жұмыс істейді. Өнім жасанды интеллект негізіндегі бейне генерациясына қатысты. 10 миллион доллар инвестиция тартылды, тағы 20 миллион доллар наурызда түседі деп күтілуде. Силикон алқабының белгілі сарапшылары да 2023 жылдың жазынан бері жұмыс істеп келе жатқан стартаптың керемет нәтижелерін атап өтуде.