19.01.2024 _ 14:40

Қазақстанда жасанды интеллектіні дамыту стратегиясының тұжырымдамасы әзірленді

БҰҰ-ның электрондық үкіметтің әлемдік даму рейтингінде Қазақстан 28-ші орынға жайғасты, ал онлайн сервистерді ұсыну сапасының ішкі индексінде ТОП-10-ға кіріп, 193 елдің ішінде 8-ші орынды иеленді. Бұл - цифрлық экожүйе жетістіктерінің маңызды көрсеткіші. IТ қызметтерінің экспорты 2020 жылдан бастап 12 есеге өсті. Мұндай деректерді Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық технологиялар саласын дамыту департаментінің директоры Ерсұлтан Ержанов жариялады.

«Біздің «Электрондық үкімет» қандай да бір халықаралық ұйымдардың есебінен әзірленбеген, мұның барлығы мемлекеттік қызметтерді цифрландырған, электрондық форматқа ауыстырған отандық IT компаниялардың қолындағы мәселе және бізде әлемде теңдесі жоқ кейс көп. Мысалы, көлікті 5 минут ішінде қайта рәсімдеу, онлайн ипотека бойынша мақұлдау алу және т.б. Мұндай жаңашылдықтар көбейеді, іргетасымыз жақсы болмаса,  олардан пайда болмас еді», – деді спикер. 

ЦДИАӨМ өкілі «IT ел» дамыған «электрондық үкімет» және «тұрақты IT нарық» екенін атап өтті.  Бұл екі көрсеткіш те оң серпін береді.  

Сондай-ақ Ерсұлтан Ержанов Мемлекет басшысының жасанды интеллект пен Цифрлық кодекстің ұлттық платформасын құру туралы тапсырмаларын іске асыру туралы айтты. 

«Платформа бойынша елімізде жасанды интеллектіні дамыту стратегиясының тұжырымдамасы әзірленді. Ол нарық пен біздің ІТ әуесқойларының бірлесіп жұмыс атқаруының арқасында әзірленді. Бұл бағытта жұмыс жүргізілуде. Біз жасанды интеллектіні дамыту үшін есептеу қуаты, білікті IT кадрлар, венчурлік инвестициялар және осы жобаларды коммерцияландыру сынды компоненттер негіз болып табылатынын жақсы түсінеміз. Осы компоненттердің әрқайсысы бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Жақын арада біз осы бағыттағы бірқатар жетістікті жариялаймыз деп ойлаймын», – деп сендірді спикер.

Арнайы құрылған жұмыс тобы Цифрлық кодексті әзірлеумен айналысуда.