29.01.2024 _ 15:32

Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтары 2023 жылы 13 мыңнан астам қызмет көрсетті

Еліміздің барлық 20 өңірінде Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтары (ӘКДО) құрылды. Олар «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палаталарының алаңында қызмет етуде. 2023 жылы орталықтар 13 539 қызмет көрсетіп, 8 744 консультация берді, деп хабарлайды ҚР Ұлттық экономика министрлігі.

Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтары қызметтердің кең спектрін ұсынады. Атап айтқанда, кеңес беру (әйелдердің қажеттіліктерін анықтау); бизнес-оқыту, оның ішінде қолөнердің дәстүрлі қолөнер түрлерін оқытуды ұйымдастыру (Қазақстан қолөнершілер одағының ұсынысы бойынша); тәлімгерлік; қаржыландыру көздерін тарту (краудинвестинг, инвестиция, гранттар, лизинг); әйелдер кәсіпкерлігі өкілдерінің халықаралық жобаларға қатысуына жәрдемдесу; бизнес шолу; «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында жергілікті шикізаттан жасалған өнімді жылжыту мен әзірлеу жөніндегі қызметтер.

2023 жылы 2 485 адам кәсіпкерлік негіздерін меңгеру бойынша оқыды, 100 кәсіпорын бизнес шолумен қамтылды, 309 кәсіпкер әйел қаржыландыру көздерін тарту бойынша біліктілігін арттырды, 1 мыңнан астам кәсіпкер әйел халықаралық жобаларға қатысты.