30.01.2024 _ 10:30

Отандық заң фирмаларының әлеуеті кеңейді

Отандық заң фирмаларының әлеуетін шетелде мемлекеттің мүддесін қорғауда, төреліктерде, халықаралық соттарда пайдалану жиіледі. Бұл жайында ҚР Әділет министрлігі Мемлекеттік мүлік құқықтарын қорғау департаменті директорының орынбасары Ерлан Мұсабаев Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында мәлімдеді.

Оның айтуынша, отандық заң фирмаларының әлеуеті бұрыннан қолданып келетін, енді Әділет министрлігі отандық заң фирмаларының әлеуетін кеңейтпек. Қазіргі таңда ведомство олардың көмегіне көбірек жүгінуді жоспарлап отыр. Жақында өткен Қазақстанның мүдделерін шетелде білдіру және қорғау мәселелеріне арналған тұңғыш халықаралық практикалық конференциясында саладағы көптеген мәселе талқыланды.

«Оған отандық және шетелдік заң фирмалары қатысты. Шетелдік заң фирмалары өзінің осыған дейінгі атқарған тәжірибесімен бөліссе, отандық фирмалар өзінің шетелдік әріптестерінен алған ақпаратын қабылдап, өздерінде қандай мүмкіндіктер бар екенін және қандай көмек бере алатынын айтты. Осы шетелдік және отандық заң фирмалары бірлесіп және жеке мемлекеттің мүддесін қорғаудың әртүрлі нұсқалары қарастырылды. Қазіргі уақытта ол Әділет министрлігінің қарауында. Бірақ қазірдің өзінде отандық заң фирмаларының жаңадан өзіміздегі даулар бойынша ұсыныстарын қабылдап жатырмыз, оларды жұмысқа тарту бойынша қосымша жұмыстар жүргізілетін болады», – деді спикер. 

Ерлан Мұсабаевтың хабарлауынша, осы күнге дейін отандық заңгерлер халықаралық деңгейдегі төреліктерге белсенді атсалысып, тәжірибеден өтті. 

«Шын мәнінде қатысқан және қатысады да. Олар негізгі рөл атқармаса да, көбінесе сарапшы ретінде тартылған. Бірақ басшы рөлдерде де төрелік атқарған. Осы тәжірибені кеңейтетін жоспарымыз бар. Жалпы соттарға қарағанда бұл төреліктер конфиденциалды болып келеді. Сол себепті инвесторлар соттың орнына төрелікке жүгінеді. Олардың ішкі коммерциялық құпиялары қарастыралады», – деді Мемлекеттік мүлік құқықтарын қорғау департаменті директорының орынбасары.