30.01.2024 _ 11:28

Биыл 60 мыңға жуық бизнес жоба мемлекеттік қолдау алады

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында шағын және орта бизнесті одан әрі қолдау мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Primeminister.kz.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, бүгінгі таңда мемлекет бизнесті жүргізу жағдайларын жақсарту және әкімшілік жүктемені азайту жөніндегі жүйелі шараларды, сондай-ақ кәсіпкерлік секторды мемлекеттік ынталандырудың тікелей шараларын іске асыруда.

Бизнесті мемлекеттік қолдаудың сұранысқа ие шараларының бірі «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларының құралдары болып отыр. Атап айтқанда, өткен жылдың қорытындысы бойынша кредит сомасы шамамен 1 трлн теңгені құрайтын 12 мыңнан астам бизнес жобасы кредиттерді субсидиялау арқылы жеңілдетілген қаржыландыру шараларымен қамтылды. 340 млрд теңге сомасына 8 мың жоба бойынша кепілдік берілді. 

Қаржылық емес қолдау аясында 10 мыңға жуық кәсіпкер оқытылды, кәсіпкерліктің түрлі мәселелері бойынша 166 мыңнан астам кеңес берілді. Биыл бюджетте шағын және орта бизнестің 40 мың жалғасып жатқан және 20 мың жаңа жобасын қолдауға қаражат көзделген.

Министр бүгінде «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларын біріктіруді көздейтін Мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну жөніндегі бағдарламаның әзірленгенін атап өтті. Бағдарламада бәсекеге қабілетті, импортты алмастыратын және экспортқа бағдарланған салаларды дамытуға баса назар аударылды. Жаңа жобаларды субсидиялау үшін бюджетті бөлу негізінен өңдеу өнеркәсібі саласындағы кәсіпорындар үшін жүзеге асырылады.

Сонымен қатар Бағдарлама субсидиялаудан кепілдік беру құралдарына және қолдаудың өзге шараларына біртіндеп көшуді көздейді. Кепілдік беру құралы ең тиімді шара болып табылатынын және бизнестің басты проблемасы – банктер алдындағы кепілдердің жетіспеу проблемасын шешетінін әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр. Осыған байланысты кепілдік беру бойынша кредиттеу сомасы 3,5 млрд теңгеге дейін (кепілдіктер 50%-ға) дейін өсті, ал Экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіші тізбесі кеңею жағына қарай қайта қаралды. 

Ұлттық палата президиумының төрағасы Райымбек Баталов «Атамекен» ҰКП арқылы ШОБ-ты қолдау және дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. 

Үкімет басшысы отандық кәсіпкерлерді қолдау мақсатында ауқымды жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті. Қабылданған шаралардың нәтижесінде шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өніміндегі үлесі 36,5%-ке дейін өсті. Ал 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 40%-ке дейін өсуі керек.

«Осы мақсатқа жету үшін қазірдің өзінде кәсіпкерлік қызметте жаңа реттеуші саясат енгізілуде. Жүргізіліп жатқан «таза парақтан» реформасы бизнесті белсендіру жолында ынталандырушы шаралардың тиімділігін арттырады. Бүгінгі таңда 9 мың артық талап алып тасталды. Қалған 1 мыңға жуығы бизнесті жүргізу жөніндегі заң жобасы шеңберінде алып тасталады», — деді Әлихан Смайылов.

Ол биылдан бастап бақылау мен қадағалау салаларында тәуекелдерді басқарудың автоматтандырылған жүйесі іске қосылғанын еске салды. Оның нәтижесінде бизнесті жоспарлы тексеру  мен кәсіпкерлерді жауапқа тарту жағдайлары біршама қысқарады.

«Осы арқылы бизнес әкімшілік жүктеменің төмендегенін сезіну керек», — деп атап өтті Премьер-Министр.

Бұдан бөлек, салықтық ынталандыру аясында былтырдан бері 4% ставкамен бөлшек салық режимі енгізілді. Еңбекақы төлеу қорынан бірыңғай төлем енгізілгеннен бастап  микро және шағын бизнеске жалпы қаржылық жүктеме 34,5%-тен 20%-ке дейін төмендеді.

Әлихан Смайыловтың айтуынша, кейбір мәселелер әлі де шешілмеген күйінде қалып отыр, олар өз кезегінде кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіруде.

«Мысалы, әкімдіктер бизнестің базалық инфрақұрылымға қосылу бойынша өсіп келе жатқан қажеттілігін игере алмай отыр. Өңірлер  жоспарланған жобаларды уақытылы пайдалануға беру үшін инженерлік желілер мен коммуникацияларды жеделдетіп жүргізулері қажет», — деп тапсырды Премьер-Министр.

Сонымен қатар Үкімет басшысы ШОБ-тың әрі қарай дамуы үшін салық салудың сервистік моделіне көшуді қамтамасыз ету қажет екенін атап өтті. Онда бизнеске қолдау көрсетуге көбірек назар аударылады. Ұлттық экономика министрлігіне қосылған құн салығын қайтару мерзімін қысқарту үшін оны әкімшілендіру тәсілдерін қайта қарау тапсырылды.

«Сондай-ақ өңдеу өнеркәсібіндегі жаңа жобаларға серпін беру үшін нормаларды пысықтауды жеделдетіп, кейбір салықтардан 3 жыл босата тұру қажет. Салықтардың санын 20%-ке, ал салық жөнінде есеп беру нысандарын 30%-ке қысқарту керек», — деді Әлихан Смайылов.

Премьер-Министрдің айтуынша, жүйе құраушы ірі кәсіпорындардың айналасында отандық кәсіпкерліктің жұмыс істеуі үшін жағдай жасалуы тиіс. Жаңа өндірістерді локализациялауға және оларды ашуға ықпал ететін оффтейк-келісімшарттарды белсендірек пайдаланған жөн. Өз кезегінде, офсеттік шарттарды қолдану технологиялар трансфертіне және қосымша инвестиция тартуға ықпал етеді.

«Өнеркәсіп министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірге осындай ұзақ мерзімді шарттар жасауға қолдау көрсету шараларын пысықтауы қажет», — деді Үкімет басшысы.