30.01.2024 _ 14:43

Еліміздегі жетім балаларға арналған ұйымдардың 36-сы балаларды қолдау орталығына айналды

Қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау жұмыстары жалғасуда. Бүгінде еліміз бойынша жетім балаларға арналған 36 ұйым балаларды қолдау орталығына айналды. Онда мемлекет тарапынан балаларға тамақ, киім, аяқ киім және басқа да заттар беріледі, деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігі.

Балаларды қолдау орталықтары − бұл тұрақты немесе уақытша (күндізгі) арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін білім беру органдарының қарамағындағы ұйымдар. Бұдан бөлек, олар өмірлік қиын жағдайлардың алдын алуға байланысты заңды тұлғаларға ақпараттық, консультациялық қызметтерді көрсетеді.

36 орталықтың әрқайсында сегіз арнайы әлеуметтік қызмет көрсетіледі. Атап айтқанда: әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-еңбек, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-экономикалық және әлеуметтік-құқықтық қызметтер. Сонымен қатар, тәрбиеленушілерді одан әрі өмір сүруге бейімдеу, оның ішінде қандас туыстарына қайтару, қазақстандық отбасыларға орналастыру немесе жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған орталықтарға жіберу бойынша белсенді жұмыс жүргізіледі. Әрбір Орталықта тәрбиеленушілерді психологиялық және құқықтық қолдау қызметтері, сондай-ақ отбасыларға орналасуға жәрдемдесу қызметтері құрылған.

Жалпы соңғы он жылда еліміздегі балалар үйлері мен олардың тәрбиеленушілерінің саны екі есеге қысқарды. Президенттің тапсырмасына сәйкес олар балаларды қолдау орталықтарына айналды.