30.01.2024 _ 13:50

Отандық ЖОО бағалау нәтижелері шығарылды

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің тапсырысымен қазақстандық жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларына бағалау жүргізіп келеді. Жоғары оқу орындарының рейтингісі талапкерлер мен олардың ата-аналарына, жұмыс берушілерге және білім беру мекемелеріне ақпарат беру үшін оқу орындарының білім беру бағдарламаларын бағалау мақсатында жасалады. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Әділет Тойбаев 2023- жылғы рейтинг қорытындыларын Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында таныстырды.

Аталмыш рейтинг 19 критерий негізінде қалыптастырылды, олардың арасында түлектердің мақсатты перспективалары, білім беру бағдарламаларының  көрсеткіштері, білім алушылардың жетістіктері, білім беру мазмұнын бағалау және ЖОО жалпы көрсеткіштері бар.  

«Рейтинг әдістемесі ЖОО мен қоғамдық қызмет сарапшыларымен ашық талқылау нәтижесінде қабылданған болатын. Рейтинг ең алдымен белгілі жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларын аяқтау қорытындысы бойынша, олардың алдында қандай мақсаттық перспективалар ашылатынын көрсетуге бағытталған. 2023 жылғы рейтингінің қорытындыларына тоқталсақ. Біріншіден, ЖОО білім беру бағдарламаларының сапасы мен өзектілігі. Жұмыс берушілердің қанағаттануы 67,5%-ды құрады»,- деді спикер. 

Оның айтуынша, білім беру бағдарламаларының басым бөлігі жұмыс берушілермен келісілді. Оқу процесіне тәжірибелі мамандар тартылған. Ол үшін Министрлік қажетті жағдайды жасап, тиісті нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізген. 

«Екіншіден, 2023 жылы жұмысқа орналастырудың орташа пайызы былтырғы жылға қарағанда 7,3%-ға өсіп, 82,8%-ды құрады. 2021 жылы бұл көрсеткіш 78% көлемінде болған», – деді Ә.Тойбаев. 

Бұл рейтинг талапкерлерге көптеген құнды ақпарат береді. Оның арқасында болашақ студенттер әртүрлі мамандық бойынша шамамен қандай жалақы ала алатындығы, қаншалықты тез жұмысқа орналаса алатындығы туралы мәліметтер алып, рационалды таңдау жасайды.