31.01.2024 _ 13:50

Банкрот болу процесі жеңілдеді

Мемлекеттік кірістер органдары 2023 жылдың наурыз айынан бастап соттан тыс банкроттықты қолдануға 80 мың азаматтан өтініш қабылдады. 16,5 миллиард теңгеден астам қарыз бойынша 9 мыңға жуық азамат банкрот деп танылды. Бұл туралы ҚР қаржы вице-министрі Ержан Біржанов Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында хабарлады.

Спикердің хабарлауынша, мемлекеттік кірістер органдары бұл процестерді автоматтандырды. Тексеру процестері басқа мемлекеттік органдармен, екінші деңгейлі банктермен, қаржы ұйымдарымен онлайн түрде жүргізіледі. 

«Қандай да бір субъективті факторлар жоқ. Барлығы автоматтандырылған. Соның арқасында осы 80 мыңға жуық өтініш беруші тек қана салық органдарына жүгініп, өздерінің осы процеске қатысуына мүмкіншілік алып отыр. Егер бұл процесс автоматтандырылмаған болса, барлық мекемелерге барып, анықтама жинап, содан кейін ғана осы процеске қатысуына болар еді. Сондықтан осы цифрлық шешімдер осы процесті жеңілдетуге қолғабыс болып отыр. Дегенмен де, қазіргі таңда біз осы жеке тұлғалардың банкроттығы заңнамасын жетілдіру аясында жаңа нормалар енгізетін боламыз. Процес одан әрі жеңілдетіледі»,- деді спикер. 

Тағы бір жаңашылдық – POS-терминалдар мен бақылау кассалық машиналарын біріктіру бойынша пилоттық жоба. Оның мақсаты фискалдық деректер операторының қызметтері үшін кәсіпкерлердің шығыстарын оңтайландыру, сатып алушыда бір чек, кәсіпкерде бір аппарат болуын қамтамасыз ету болып табылады. Жобаға қатысушылардың саны 31 мыңнан асты. Жалпы сомасы 510 миллиард теңгеден астам 23 миллион чек алынды. Жобаның арқасында жеке кәсіпкерлер 500 миллион теңге шамасында қаражат үнемдеді.