31.01.2024 _ 16:11

Ауыл мұғалімдерін қолдау бойынша стратегиялық құжатқа қол қойылды

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, HertsCam Network және Teachers Lab ынтымақтастық жөніндегі үшжақты меморандум жасасты. Құжатқа Ұлыбританияның құрметті ғалымы, HertsCam Network желісінің директоры Дэвид Фросттың жұмыс сапары аясында қол қойылды, деп хабарлайды ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі.

Құжатта жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру, ғылым, мәдениет және өнер, ғылыми-зерттеу салаларындағы ынтымақтастықты дамытудың негізгі бағыттары көрсетілген. Сондай-ақ тараптар оқу, әдіснамалық және ғылыми-зерттеу жұмыстарының тиімділігін арттырады.

Құжаттың маңызды бөлігінің бірі – ауыл мұғалімдерін қолдау, атап айтқанда олардың кәсіби дамуына жағдай жасау. Ол үшін «Ауылдық мектеп шамы» жобасы іске асатын болады. Жоба мұғалімдердің көшбасшылық қасиеттерін дамытуды, сондай-ақ британдық тәжірибе негізінде заманауи коллаборация моделін әзірлеуді, ауыл мектептері мен педагогикалық университеттің арасындағы байланысты нығайта түсуді көздейді. Бұл тәжірибе одан әрі Қазақстанның басқа да аумақтарына ауыл мектептерін дамыту мақсатында таратылатын болады.

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры Гүлмира Қанай ауыл мұғалімдеріне жобаны таныстыру үшін Алматы облысындағы 6 білім ошағын аралаған болатын. Онда ұстаздармен кездесіп, жоба туралы егжей-тегжейлі баяндады.

Жоғары білім мен ғылымды дамыту және ауыл мұғалімдерін қолдау бойынша үшжақты меморандумға UNESCO-ның қолдауымен қол қойылды.