01.02.2024 _ 10:20

Жыл сайын жұртшылық тарапынан ауа райының нашарлауына және жолдардағы көлік кептелістерге байланысты төтенше жағдайлар резонанс тудырады - ҚР ТЖМ

Қыс басталғалы 1300-ге жуық автожол учаскесі жабылды, оның ішінде республикалық 659 және 656 облыстық және жергілікті маңызы бар учаскелер. Мыңнан астам дауылды ескерту жарияланды, 5 мыңға жуық хабарлама және «Дармен» мобильді қосымшасында хабарламалар таратылды. ҚР ТЖМ Төтенше жағдайларды жою департаменті бастығының орынбасары Жомарт Асқаров Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында қазіргі ахуалға тоқталып, атқарылып жатқан шаралар барысымен таныстырды.

Оның хабарлауынша, құтқару бөлімшелері шамамен 9310 адамды құтқарды және эвакуациялады, оның 414-і - балалар. Қар құрсауынан 1232 техника шығарылды. Жолдардың жабық учаскелеріне арнайы техника жұмылдырылып, құтқарушылар мен полиция қызметкерлері қатарынан бекеттер қойылды.

Төтенше жағдайларға ден қою жөніндегі жұмысты үйлестіру мақсатында жағдайдың күрделенуі кезеңінде Төтенше жағдайлар министрлігінің Ахуалдық орталығында Республикалық жедел штабтың жұмысы өрбіді, оның құрамына Ішкі істер, Энергетика, Көлік, Экология және геология, Өнеркәсіп және құрылыс министрліктерінің өкілдері кірді. Осындай штабтар аймақтарда жұмыс істеді.

«Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың міндеттері айқындалып, 33 мың адам және 12 мың бірлік техникадан тұратын күштер мен құралдардың тобы қалыптастырылды. Орталық және жергілікті атқарушы органдардың қысқы кезеңге дайындығы «Қыс» Республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу барысында тексерілді. Қысқы кезеңдегі төтенше жағдайларға азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесін дайындау жөніндегі ведомствоаралық мемлекеттік комиссияның отырысы өткізілді», – деді спикер.

Бүгінде ауа райы жағдайларына тұрақты мониторинг жүргізілуде және автожолдардағы төтенше жағдайларды алдын алу және жою бойынша тиісті шаралар қабылдануда. Жалпы қар үйінділерінің салдары Абай, Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының автожолдарында кептеліске әкеледі.

«Өткен жылдардағы тәжірибе көрсеткендей, дауыл туралы ескертулерді елемейтін, сондай-ақ жазғы дизельді пайдаланатын жүргізушілер негізінен қар құрсауында қалады. Осыған орай, ішкі істер органдары қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбағаны үшін жүргізушілерді әкімшілік жауапкершілікке тарту бойынша жұмыс жүргізілуде», – деп хабарлады министрлік өкілі.

Айта кетерлігі, жол ұйымдары полиция және төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелерімен бірлесіп 94 рет автокөлікті колонналық сүйемелдеу ұйымдастырды.