Көрмеде 300-ден астам қазақстандық және халықаралық IT-компаниялардың, сондай-ақ GovTech, AgroTech, Индустрия 4.0, ESG, Smart City және т.б. сияқты цифрландыру салаларындағы мемлекеттік органдардың жобалары ұсынылған.
Үкімет басшыларына ҚР мемлекеттік ақпарат жүйелерінде бірыңғай стандарттардың сақталуын қамтамасыз ететін Qaztech платформасы және «таза парақтан» кәсіпкерлік қызметті реттеудің цифрлық негізі таныстырылды.
Сонымен қатар қонақтарға Алматы қаласының цифрлық сервистері, сондай-ақ тау-кен және металлургия кешенінде, өнеркәсіп пен энергетика секторында, оның ішінде мемлекеттік қолдау құралдары есебінен Индустрия 4.0 жобаларын енгізу нәтижелері көрсетілді. Атап айтқанда, бұл өндірісті басқару процестерін автоматтандыруға, жабдықтың тозу деңгейін төмендетуге және өнімсіз шығындарды азайтуға қатысты.
Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Жаннат Дүбірова республиканың өнеркәсіп кәсіпорындарында заманауи технологияларды енгізу туралы айтып берді.
«Индустрия 4.0 – өнеркәсіп кәсіпорындары мен жер қойнауын пайдаланушыларға цифрлық технологияларды енгізу арқылы өз шығындарын қысқартуға және өнімділігін арттыруға мүмкіндік беретін заманауи тренд. Көрмеде біз бірқатар цифрлық жобаларды жүзеге асырған тау-кен металлургия кешенінің бірнеше кәсіпорнын ұсынып отырмыз. Мемлекет қолдау шараларын көрсету арқылы Индустрия 4.0 жобаларын ілгерілету бойынша белсенді саясат жүргізуде. Бұл сондай-ақ бизнестің осындай технологияларды енгізуге жұмсаған шығындарын өтеуге қатысты. Бүгінгі таңда 183 млн теңгеден астам қаражат өтелді, бұл жұмыс жалғасуда», — деді ол.
Сонымен қатар көрмеде Minerals.gov.kz жер қойнауын пайдаланушылардың бірыңғай платформасы таныстырылды. Бұл пайдалы қазбаларды барлау және өндіру лицензияларын алу процесін жеңілдетуге әрі жеделдетуге мүмкіндік береді. Заманауи геоақпараттық технологиялардың арқасында болашақ инвесторлар инфрақұрылымнан бастап аумақтың геологиялық есептеріне дейін сұралған учаске туралы толық мәлімет ала алады. Мұнда ЭЦҚ-кілт көмегімен тиісті өтініш беруге болады.
«Яндекс Қазақстан» компаниясының өкілі Александр Поповский үкімет басшыларына Қазақстанда адамдар мен бизнес үшін 10-нан астам сервис жұмыс істейтінін айтты.
«Біз өз қызметтерімізді барлығына қолжетімді етуге тырысамыз. 2023 жылы біз қазақ тіліндегі «Карта», мобильді браузерде және қосымшада қазақ тіліндегі «Алиса» сервисін жасап, Яндекс Браузерінде видеоны қазақшаға аударып, сондай-ақ іздеу қызметінде қазақ тілінде жылдам жауаптар әзірледік. Мұның бәрі ақпаратты қазақстандық пайдаланушылар үшін қолжетімді әрі ыңғайлы етіп, мемлекеттік тілдің таралуына ықпал етеді», — деді ол.
Оған қоса көрмеде Қазақстанда іске қосылған өнеркәсіптік роботтандыру бойынша Орталық Азиядағы бірінші құзыреттілік орталығының жұмысы таныстырылды. Оның аясында қазақстандық және шетелдік университеттер мен IT-компаниялардың халықаралық консорциумы құрылды. Орталықтың негізгі міндеттерінің қатарында – робототехника саласында зерттеулер жүргізу, тақырыптық стартаптарды жеделдету мен масштабтауда қолдау көрсету.
Digital Almaty форумында үздік қазақстандық IT-компаниялар мен стартаптар өз жобаларын таныстырды. Олардың қатарында алақан тамырларының суреті бойынша бірегей сәйкестендіру технологиясы бар биометрия жүйесі (Alaqan Technologies), өндірістік деректерді растау жөніндегі ЖИ платформасы (Dereknet), жабдықты пайдалану мен оның беріктігін басқару жүйесі (Equipmetry), өнеркәсіп кәсіпорындарында цифрландыруды енгізу жөніндегі жоба және ақылды бейнебақылау платформасы (Omir Group), экологиялық мониторингтің автоматтандырылған жүйелері (OST Engineering) және т.б. бар.
SmartView Innovations стартапының өкілі Рахат Оспанов қосынды арқылы бөліп шығару пайдалы компоненттерді өндірудің ең танымал әрі экономикалық тиімді әдістерінің бірі екенін айтты. Дегенмен негізгі құрамдас бөлік – үйіндіні суарып, металды шығаратын вобблерлер (шашыратушылар) өте жиі бұзылады. Бұл бизнесті үлкен шығынға әкеледі.
«Біздің шешіміміз: дрон қосынды арқылы бөліп шығару процесін қайта-қайта айналып өтіп, видео жазады. Әрі қарай бұл видео компьютер арқылы өңделіп, арнайы үйретілген жасанды интеллект барлық ақауды және олардың орнын анықтайды. Бұл шешім алтын өндіруді 4%-ға, аппаратшылар жұмысының тиімділігін 60%-ға арттырып, жұмысшыларға қатты химиялық заттардың әсерін 80%-ға азайтты», — деді ол.
Dereknet компаниясының директоры Саламат Қабдулов мұнай-газ кен орындары күн сайын қарапайым компьютер бағдарламаларының көмегімен өңделетін үлкен деректер көлемін өндіретінін атап өтті. Бұл қателіктер жіберу және басқаруда бұрыс шешімдер қабылдау қаупін арттырады.
«Біз бұл мәселені әртүрлі инженерлік модульдер қарастырылған өндіріс деректерін басқару платформасы арқылы шешуді ұсынамыз. Нәтижесінде есептер ашық болып, автоматтандыру арқылы қателер жойылады. Сондай-ақ жасанды интеллектті қолдану арқылы инженерлер өндірісті арттыруға көмектесетін болжамдар алады. Платформа Қазақстанның үш кен орнында өзінің тиімділігін дәлелдеді. 2024 жылы біз Солтүстік теңіз нарығына, Норвегияға шығуды жоспарлап отырмыз», — деді ол.
Сонымен қатар көрмеге қатысушылардың бірі, OST Engineering компаниясының бас директоры Виталий Остапчук өз жобасы туралы айтып берді.
«Біз отандық автоматтандырылған экологиялық мониторинг жүйелерін өндірумен айналысамыз. Жаңа Экологиялық кодекстің енгізілуін ескере отырып, ірі кәсіпорындар Үкімет пен халық нақты уақыт режимінде экологиялық жағдайды бақылауға мүмкіндік беретін жүйелерді енгізуі керек. Біз 2020 жылы ашылып, қазіргі кезде үлкен нәтижелерге қол жеткіздік. Бізде атмосфералық ауаны, ластану көздеріндегі шығарындыларды және су төгінділерін бақылау жүйелері бар. Біздің жүйелер шетелдік баламалардан кем түспейді», — деді ол.
«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасы Ростислав Коняшкин атап өткендей, бүгінгі таңда Қазақстанда мемлекеттік қызметтердің 90%-дан астамы цифрландырылған.
«Олардың саны өте көп, 1 000-нан асады. Олар тиісті қызметтерді қажет етуі мүмкін 150-ден астам өмірлік жағдай негізінде жинақталған. Мысалы, баланың тууын проактивті тіркеу кезінде анасына хабарлама немесе SMS келеді. Ол баланың аты-жөнін жазып, төлемдер жіберілетін шотты көрсетеді және Egov-тың цифрлық құжаттар бөлімінде туу туралы куәлік алады. Сондай-ақ осы жылдан бастап бүкіл ел үшін бірыңғай етіп жасалған балабақшаға кезекке қою қызметі бар. Бұл процестің ашықтығы мен қолайлылығын арттыратын үлкен жетістік», — деді «ҰАТ» АҚ басшысы.
Оның айтуынша, банктермен белсенді өзара іс-қимыл жекелеген қызметтерді, мәселен, автокөлікті қайта тіркеу бойынша қызметті онлайн етуге мүмкіндік берді.
«Бұрын адамдар бұл қызметті алу үшін арнайы Халыққа қызмет көрсету орталығына баратын. Енді мұны онлайн 5 минут ішінде интернет арқылы жасауға болады», — деді Ростислав Коняшкин.
Ол сондай-ақ Қазақстан цифрлық өнімдерді экспорттау бойынша белсенді түрде ілгерілеп жатқанын айтты.
«Бізде алғашқы сәтті кейс бар: өткен жылы Тәжікстанға электронды үкімет өнімдерін экспорттадық. Биыл кем дегенде үш елге экспорттайтынымызға сенімдіміз, қазір келіссөздер жүріп жатыр», — деді «ҰАТ» АҚ басшысы.