05.02.2024 _ 13:40

2030 жылға дейін коммуналдық қалдықтарды өңдеу көрсеткіші 40%-ға жетуге тиіс – ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Қазақстанда жылына 4,5 млн тоннаға жуық коммуналдық қалдық жиналалды, оның басым бөлігі бөлек жинаудың барлық жерде болмауына, қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу жөніндегі қуаттардың жеткіліксіздігіне байланысты полигондарда көміледі. Қазақстанның жасыл экономикаға көшуі жөніндегі Тұжырымдамаға сәйкес 2030 жылға дейін қалдықтарды шығару 100%-ға дейін, ал оларды қайта өңдеу 40%-ға дейін жеткізілуі керек. ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Орталық коммуникациялар қызметі алаңында осылай деді.

Оның хабарлауынша, өңірлердегі қалдықтарды басқару жағдайын жақсарту мақсатында әкімдіктерге коммуналдық қалдықтарды басқару саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі функция жүктелген. Әкімдіктердің ақпаратына сәйкес, елімізде 130 елді мекенде әртүрлі кезеңдерде қалдықтарда бөлек жинау, 103 елді мекенде сұрыптау ұйымдастырылған.

«2023 жылы республика бойынша ҚТҚ полигондарының саны 3016 бірлікті құрады, оның ішінде экологиялық және санитариялық нормаларға сәйкесі бар-жоғы – 624, яғни 20,6%. Әкімдіктер және орталық мемлекеттік органдармен бірлесіп шағын және шалғайдағы елді мекендерде ҚТҚ полигондарын ресімдеу жөніндегі тетік пысықталуда, атап айтқанда, осы орындарға қойылатын міндетті ең төменгі экологиялық, санитариялық-эпидемиологиялық және құрылыс талаптары талқылануда», – деді спикер.

Қазіргі кезде осы салада инфрақұрылымды дамыту үшін жер учаскелерін беру, инфрақұрылымды қосу, іс-шаралар мен экономикалық құралдарды әзірлеу, экологиялық проблемаларды шешуге эмиссиялық төлемдерді пайдалану, бизнес субъектілеріне артықшылық беру, мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттарын жасасу үшін әкімдіктердің қажетті құзыреттері бар.